Парламент • 10 Ақпан, 2023

Парламентаралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталды - Мәулен Әшімбаев

301 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Түркістан қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші парламентаралық форумына байланысты Facebook парақшасында жазба қалдырды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Парламентаралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталды - Мәулен Әшімбаев

«Қазіргі таңдағы геосаяси ахуал, жаһанды алаңдатқан жаңа сын-қатерлер, құбылмалы экономика әлемнің дамуына айтарлықтай салдарын тигізіп отыр. Осындай сәтте татулыққа табан тіреп, бірлесіп әрекет етудің аса маңызды екені айтпаса да түсінікті. Киелі Түркістан шаһарында өткен Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші парламентаралық форумында өңірдегі әріптестерімізбен бірге осы мәселелерді кеңінен талқыладық», деп жазды М.Әшімбаев.

Форум Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зиярат етіп, баба рухына тағзым етумен басталған. Киелі орында жойқын зілзаладан зардап шеккен түрік ағайындарға сабыр тілеп, қаза тапқандардың рухына дұға бағышталды.

Жалпы алғашқы жиынның Түркістан төрінде өтуі тегін емес. Тарихы мен тамыры бір елдер үшін бұл қаланың маңызы зор. Әсіресе, мәдени және рухани тұрғыда шаһардың орны бөлек. Сондықтан ғасырлар бойы қалыптасқан тығыз ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін бауырлас халықтардың қастерлі мекенде бас қосуы заңды құбылыс екені анық.

«Қазіргі таңда Орталық Азия аймағында мемлекетаралық диалог жаңа сапалы деңгейге көтерілген. Бұл – біздің Президенттеріміздің нақты әрі дәйекті қадамдарының нәтижесі. Осындай тығыз ынтымақтастықты заң шығарушы органдар тарапынан қолдап, әрі қарай дамытудың маңызы зор. Осыған орай былтыр шілде айында Орталық Азия Мемлекеттері басшыларының Консультативтік кездесуінде аталған Форумды өткізу туралы бастама қолға алынды. Басты мақсат – өңірдің біртұтастығын нығайтуда Парламенттердің рөлін арттыру. Осылайша, аймақтағы парламентаралық ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталып отыр», делінген жазбада.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Форумға қатысушыларды құттықтап, Үндеу жолдады. Мемлекет басшысы Парламентаралық форум дер кезінде қолға алынған маңызды бастама екенін атап өтті.

Іс-шараға қатысушылар ортақ тарихи және мәдени мұраларымызды дәріптеуге, зиялылар арасындағы байланысты арттыруға, өңір жұртын алаңдатқан мәселелерді бірлесіп шешуге қатысты нақты ұсыныстар айтты. Оның бәрі назарға алынып, Форумның қорытындысы бойынша қабылданған Түркістан декларациясында қамтылды.

«Сонымен қатар Форум аясында Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Шакиевпен, Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисі Сенатының Төрайымы Танзила Нарбаевамен және Тәжікстан Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли Төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен екіжақты кездесулер өткізіп, парламентаралық ынтымақтастықты арттыру мәселелері жөнінде сөз қозғадық. Алдағы уақытта Форум бауырлас елдердің ынтымақтастығын нығайтуға елеулі үлес қосатын тиімді және тұрақты алаңға айналады деп сенеміз», деп жазды Мәулен Әшімбаев.