Хоккей • 14 Ақпан, 2023

«Барыстың» жағдайы мәз емес

193 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсететін елорданың «Барысы» кезекті тур ойынын «Барыс Аренада» өткізіп, Санкт-Петербургтің СКА клубына екінші рет есе жіберді.

«Барыстың» жағдайы мәз емес

Бір апта бұрын сырт айдында Мәскеудің ЦСКА командасын овертаймда жеңіп, қыс­қа мерзімді үзіліске көтеріңкі көңіл күй­мен шыққан Андрей Скабелка шәкірттері қай­тадан ескі әдетіне басты. Өз айдынындағы матчтар сериясын жалпы лиганың көшбас­шысы СКА хоккейшілерімен бастаған жер­лестеріміз 10 шайба соғылған матчта 6:4 есебімен жеңіліп қалды.

Аса тартысты өткен кездесуді белсенді бастаған қонақтар бірінші кезеңде Юлиус Гудачек қорғаған қақпадан үш мәрте саңылау тауып, есепте алға ұзап кетті. Сондай-ақ СКА ойыншылары екінші кезеңде – бір, үшінші кезеңде екі шайба соғып, матч жеңім­пазы атанды. Ал айдын иелері сапынан екінші кезеңде Алекс Грант (22-минут), үшінші кезеңде – Никита Михайлис (42), Джереми Бракко (47) және Кирилл Савицкий (54) мергендігімен көзге түсті. Осылайша, «Барыс» СКА клубынан тұрақты чемпионаттың осы маусымында екін­ші рет жеңіліп отыр. 2022 жылдың қыр­күйегінде Санкт-Петербургте өткен матчта айдын иелері 3:1 есебімен жеңіске жеткен еді.

«Барыс» келесі ойынын бүгін «Батыс» конференциясының турнир кестесінде 8-орында тұрған Минскінің «Динамосымен» өткізеді.