Спорт • 14 Ақпан, 2023

Лебронның жаңа рекорды

179 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Америкалық даңқты баскетболшы, екі дүркін Олимпиада чемпионы, әлем біріншілігінің қола жүлдегері Леброн Джеймс өткен аптада 39 жыл бойы мұрты бұзылмаған рекордты жаңартты. Ұлттық баскетбол лигасының (ҰБЛ) кезекті тур ойынында Л.Джеймс өнер көрсететін «Лос-Анджелес Лейкерс» клубы өз алаңында Оклахома штатының «Оклахома-Сити Тандер» командасына 133:130 есебімен жол берді. Аса тартысты өткен сол матчта Лебронның командасы жеңіліп қалса да, ол карьерасындағы 38 388 ұпайын олжалап, ҰБЛ-ның жаңа рекордын тіркеді.

Лебронның жаңа рекорды

Бұған дейінгі рекорд бүкіл карьерасында 38 387 ұпай жинаған тағы бір америкалық әйгілі баскетболшы және дәл сол «Лос-Анджелес Лейкерстің» даңқты ойыншысы болған 75 жастағы Абдул-Джаббарға тиесілі еді. Ол бұл нәтижені 1984 жылдың 5 сәуірінде орнатқан болатын. Бір қызығы, 38 жастағы Леброн Джеймс осы рекорд орнатылғаннан кейін тоғыз айдан соң, яғни 1984 жылдың 30 желтоқсанында дүниеге келген екен.

«Лос-Анджелес Лейкерс» пен «Окла­хома-Сити Тандер» арасындағы матчты аренадан тамашалаған Абдул-Джаббар Лебронның рекордтық ұпай әкелген соққысына қол шапалақтап ықыласын білдіріп, кездесуден кейін оны айтулы жетістігімен арнайы құттықтады.

– Леброн бұл рекордтың иесі атануға әбден лайық баскетболшы деп есептеймін. Ол 20 жыл бойы тұрақты ойынының арқасында барлық атақ-даңққа лайық спорт­шы екенін көрсетті. Осы уақыт ара­лығында ол тынымсыз еңбек етіп, үш бірдей командаға Ұлттық баскетбол лигасының чемпионы деген атақты алып берді. Сондай-ақ бұдан басқа да толып жатқан атақтарға қол жеткізді. Оны тағы бір бағындырған белесімен құттықтаймын, – деді К.Абдул-Джаббар.

Расымен, Леброн Джеймс бұл рекорд­тық көрсеткішті жаңарту үшін 20 жыл өмірін арнады. Карьерасын 2003 жылы «Кливленд Кавальерс» клубында бастаған америкалық баскетболшы кейіннен 2010-2013 жылдар аралығында «Майами Хит», 2014-2018 жылдары «Кливленд Кавальерс» жейдесінде өнер көрсетсе, 2018 жылдан бастап АҚШ-тағы ең атақты командалардың бірі – «Лос-Анджелес Лейкерстің» намысын қорғап келеді.

«Лейкерс» жанкүйерлеріне ерекше алғыс айтқым келеді. Мен үшін Карим сияқты баскетбол аңызымен бір қатарда тұру, оның рекордын жаңарту – үлкен мәртебе. Құрметті жанкүйерлер, капитанымыз Абдул-Джаббарға орындарыңыздан тұрып, қол шапалақтасаңыздар екен. Ол кез келген құрметке лайық спортшы. Сондай-ақ кейінгі 20 жылда қасымда болған отбасыма, достарыма және мені қол­даған баршаңызға ерекше алғысымды біл­діремін», деп ағынан жарылған Леброн кө­рермен толы аренада көз жасына ерік беріп.

Огайо штатының Акрон қаласында дү­ниеге келген Леброн Рэймон Джеймс­тің бас­кетбол спортында бағындырмаған белесі кемде-кем. Ол – 2008 жылы Қытайдың бас шаһары Бейжіңде ұйымдастырылған Олимпия ойындарының және 2012 жылғы Лондондағы төртжылдықтың бас­ты додасының жеңімпазы, Афины Олим­пиадасының қола жүлдегері (2016 жылы). Сондай-ақ 2005 жылғы Америка құрлығының чемпионы және 2006 жылы Жапонияда өткен әлем біріншілігінің қола медаль иегері.

Сонымен қатар ол Ұлттық баскетбол лигасының төрт дүркін чемпионы, ҰБЛ финалдарында төрт мәрте ең құнды ойыншы деп танылып, 2007/08 жылғы баскетбол маусымында ең көп ұпай жинаған ойыншысы және 2003/04 жылғы чемпионаттың жыл жаңалығы атанды. 2012, 2016 жылдары Sports Illustrated жур­налының нұсқасы бойынша АҚШ-тың жыл спортшысы атағына ие болса, 2012, 2013, 2016 жылдары жылдың үздік спортшысына берілетін ESPY сыйлығын жеңіп алды.

Ал баскетбол әлеміндегі бір рекордынан айырылған Карим Абдул-Джаббаар 1947 жылдың 16 сәуірінде АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында дүниеге келген. Карье­расында небәрі екі-ақ клубта ойнаған ол 1969-1975 жылдар аралығында «Милуоки Бакс» сапында өнер көрсетсе, 1975-1989 жылдары «Лос-Анджелес Лейкерс» командасында ойнап, 42 жасында үлкен спортпен қоштасты. Карим бір рекордынан айырылғанымен, әлі оның жаңармай келе жатқан бірнеше рекорды бар.

Атап айтар болсақ, ол матчтар саны (1560), ойнаған минуттар (57 446), гол соғылған доптар (15 837), себетінің жа­нын­дағы жеңістер саны (9394), карьера­сындағы жеңістер (1074) және жеке ойын­дар саны бойынша ҰБЛ-да әлі де көш­басшы саналады. Ол жеке жеңістері бо­йынша да Ұлттық баскетбол лигасының абсолютті көшбасшы болып қала береді.