Футбол • 16 Ақпан, 2023

Қазақ футболына қарсы әрекет емес пе?

193 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстанда жаңа футбол маусымының басталуына санаулы күндер қалды. Яғни 25 ақпанға жоспарланған «Астана» мен «Ордабасы» арасындағы Қазақстан Суперкубогі үшін өтетін ойынмен елімізде ресми түрде футбол маусымының шымылдығы түріледі. Жуырда жаңа маусымға байланысты Қазақстан футбол федерациясы Атқарушы комитетінің отырысы өтіп, онда бірнеше мәселе қаралды.

Қазақ футболына қарсы әрекет емес пе?

Алқалы жиында көтерілген басты мәселенің бірі 2023 жылғы маусымдағы Olimpbet-Чемпионат, Olimpbet-Кубок, Olimpbet-Супер­кубогінің жарыс ережелері мен күн­тізбелерін бекіту болды. Сонымен қатар отырыста Премьер-лига клубтары арасында фут­болдан Olimpbet-Қазақстан чем­пионатының қатысушылар құ­рамы нақтыланып, балалар-жас­өспірімдер, бұқаралық футболдан ұйымдастырылатын жарыстардың да ережелері бе­кітілді. Сондай-ақ жиында қазақ футболының дамуына қарсы әре­кет деуге әбден болатын тағы бір ереже қабылданды.

Атқарушы комитеттің отырысында қабылданған жаңа ережеге сәйкес Премьер-лигада доп тебетін командалар бұдан былай алаңға бұрынғыдай бір уа­қытта алты легионер емес, жеті легионерді шығара алады. Оған тағы легионерлер санатына жатпайтын, Қазақстан футболшыларымен теңестірілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Армения) футболшыларын қосыңыз. Өзі жасыл алаңда бір командадан бар-жоғы 11 футболшы ойнайды. Оның жетеуі легионер болса, қалған төрт орынға жергілікті футболшылар шыға ма, әлде Еу­разиялық эко­номикалық одаққа мүше ел­дер­дің ойыншыларына мүмкін­дік беріле ме?

Қазақстан Футбол федерациясы мен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы басшыларының бірлесе қабылдаған бұл шешімі тұралап қалған қазақ футболын одан әрі тұңғиыққа батыруы мүмкін. Себебі жергілікті футболшыларды аяқтан шалатын жаңа ереже Премьер-лигада доп тебетін қаракөздеріміздің қатарын азайтып қана қоймай, деңгейінің төмендеуіне, тіпті ойын тәжірибесінсіз қалуына әке­ліп соқтырайын деп тұр. Жер­гі­лікті футболшыларда жет­кі­лік­ті деңгейде ойын тәжірибесі бол­маған соң, онсыз да бір ойында жеңіп, қатарынан төрт матч­та жеңілетін ұлттық құрамада қай­бір жетіскен нәтиже болсын.

Оқырмандар мен жанкүйер­лер Қазақстан футболындағы басшылар бұл мәселені жергі­лікті футболшылар арасындағы бәсекелестікті арттыру мақса­тында істеп жатқан шығар деп ойлауы мүмкін. Бәлкім, солай да шығар, бірақ дәл қазіргі жағ­дайда қазақ футболшылары ішкі бәсекелестікке дайы­н емес екенін ескерген жөн. Біздің футболшылар қалтаның қалыңдығын емес, тә­жірибе жинау­ды бірінші орынға қойғанда ғана дамиды және бәсекеге дайын болады. Ал елі­мізде ондай тәуе­келге барып жатқан футбол­шылар саусақпен санарлық. Ұлттық құраманың дені ішкі бі­ріншіліктегі командалар­дан жа­сақталатынын да ұмытпаған абзал.

«Ордабасы» және БИІК футбол клубтарының президенті Бауыржан Әбдубайытов шетелдік легионерлердің Қазақстан футболында доп тебуіне қарсы емес, тек олардың санын шектеу керек екенін айтады. «Жуырда Астанада футбол саласындағылардың басын қосқан үлкен форум өтті. Қызықты әрі тартымды сұ­­рақ­тар қойылды. Мен үшін ма­ңыз­ды сұрақтардың бірі кә­сіпқой футболшылардың арасында шет­елдің азаматтарын азайту болды. Яғни легионерлердің санын шектеп, Қазақстан азаматтарына көп мүмкіндік беру керек. Дегенмен бұл бір күндік мәселе емес. Өйткені ойыншылардың келісімшарттары бар. Келешекте бұл мәселе оң шешімін табады деп ойлаймын», дейді футбол функ­ционері.

Қазір еліміздің футбол клубтары Түркияда жаңа мау­сым алдындағы оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, қатарларын мейлінше шетелдік ойыншылармен толықтырып жатыр. Себебі Атқарушы комитет ко­мандаларға рұқсат етілген 8 ле­гионердің жетеуінің алаңға шы­ғуына рұқсат беріп отыр. Мә­селен, маусымаралық үзілісте был­тырғы ел чемпионы «Астана» өз қатарына сербиялық жартылай қорғаушы Душан Йованчичті, черногориялық қорғаушы Жар­ко Томашевичті, гамбиялық шабуылшы Дембо Дарбоені, хор­ватиялық қақпашы Йосип Чондричті және франциялық жар­тылай қорғаушы Фабен Уреганді қосып алды. Одан бө­лек, құрамында армян Камо Ога­несян, белорус Макс Эбонг, хорват Марин Томасов бар.

Күміс жүлдегер «Ақтөбенің» де трансфер базарындағы сау­дасы қызып тұр. Қаңтардан бері «ақ-қызылдар» грузиялық орталық қорғаушы Лука Гадрани, ресейлік қақпашы Мирослав Ло­банцев, черногориялық жартылай қорғаушы Милош Раичкович, ре­сейлік қорғаушылар – Дмитрий Яшин мен Даниил Пенчиков, хорват шабуылшысы Андрия Фи­липовичпен келісімшарт жасас­ты. Қола жүлдегер Қостанайдың «Тобылы» да құрамын бес шет­ел­дік ойыншымен толықтырып алды. Олар: Асмир Сульич (жартылай қорғаушы, Мажарстан), Йован Илич (жартылай қорғаушы, Босния және Герцеговина), Аль­берт Габараев (қорғаушы, Ресей), Иван Коновало (қақ­па­шы, Ресей) және Боян Мла­дович (қорғаушы, Сербия). Коман­да­лардың Қазақстан футболшыла­рын да өз қатарларына қосып жатқанын айта кету керек.

Жуырда футбол инсайдері Айдын Қожахмет өзінің телеграм арнасында мынадай қызық мәлімет жариялады. Яғни биыл Премьер-лигада өнер көрсететін 14 команданың ішіндегі 13 клубта Беларусь чемпионатында доп тепкен 35 футболшы бар екен. Бұл тізім әлі де толығуы мүм­кін. Мәселен, Шымкенттің «Ордабасы» командасында – Бо­бур Абдихоликов, Всеволод Садовский, Шахбоз Умаров, Дми­трий Бородин, Доминик Динга; «Атырауда» – Александр Нойок, Никита Степанов, Игорь Стасевич, Егор Хаткевич; «Тобылда» – Игор Иванович (келіссөз жүріп жатыр)*, Илья Васильев*, Ислам Чесноков, Иван Коновалов; «Кас­пийде» – Дмитрий Подстрелов, Георгий Бугулов, Алексей За­лес­кий, Максим Плотников; «Мақ­тааралда» – Жуниор Кабананга, Секу Думбия, Руслан Юденков; «Астанада» – Дембо Дарбо, Макс Эбонг, Камо Оганесян; «Жетісуда» – Руслан Теверов, Мурат Бураев, Павел Назаренко; «Қызылжарда» – Евгений Бе­резкин, Роман Степанов*; «Шах­терде» – Роджер Каньяс, Сте­фан Букорац; «Оқжетпесте» – Руслан Болов, Дмитрий Рыжук; «Ақтөбеде» – Дмитрий Яшин; «Қайратта» – Гүлжігіт Әліқұлов және «Қайсарда» – Сергей Бон­даренко секілді футболшылар ой­найды.

Спорт журналисі Бек Тө­леу Беларусь чемпионатында ойнаған футболшылардың Қазақстанға үдере көшуі жалақы мәселесіне байланысты екенін айтады. «2021 жылы Беларусь футбол федерациясының атқа­рушы комитеті «Жоғары лига клуб­тарының қызметкерлері үшін ең жоғары тіркелген айлық жала­қының, сыйақының және өзге де бонустардың лимиттері туралы» ережені бекітті. Жаңа ережеге сәйкес чемпионатта 15 мың Беларусь рублінен жоғары жалақы төленбеу керектігі бе­кітілді. Бұл сол кездегі бағам­мен 5,8 мың АҚШ доллары еді. Оның өзі бә­ріне емес. Мұндай ақ­шаны тек Беларусь ұлттық құра­масының футболшыларына (ол үшін соңғы екі жылда ұлт­тық құрамадағы матчтардың 50 пайы­зында ойнау керек) және әр клуб­тағы үш легионерге тө­леуге рұқсат етілді. Сонымен қа­тар әр клубтағы ай сайынғы жал­пыкомандалық жалақы қоры 150 мың рубльден аспауға тиіс деген ереже бекітілді. Ал 2022 жылдың желтоқсанында фут­болшылардың жалақысын қыс­қарту тіпті күшейтілді. Тек ұлт­тық құрамада ойнап жүр­ген­дер­дің жалақысына тиіскен жоқ. Олардың әдеттегідей 6 мың АҚШ долларына дейінгі жалақы алуы­на болады. Қалғандары айына 1600-2000 доллармен шектелуге тиіс. Сондықтан, реті келсе, Беларусь футболшы­лары жалақысы әлдеқайда жоғары басқа чемпионаттардан өз бақ­тарын сынауды жөн көріп жатыр. Әсіресе Қазақстанға келе­тіндер көбейген», дейді.

Бейресми дерек бойынша Қа­зақ­стан чемпионатында ойнайтын легионерлер айына 20-30 мың АҚШ доллары көлемінде жалақы алады екен... Ал солардың бәрі бірдей сапалы ойыншылар ма?