Елорда • 26 Ақпан, 2023

Астанада робот-техникадан Орталық Азия чемпионаты өтіп жатыр

300 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

24-26 ақпан аралығында елордалық әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында робот-техникадан Орталық Азия ойындары өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астанада робот-техникадан Орталық Азия чемпионаты өтіп жатыр

Чемпионат үш жас санатында өтеді: 6-10 жас аралығындағы балаларға арналған First LEGO League Explore, 10-16 жас аралығындағы FIRST Lego League Challenge және 12-18 жас аралығындағы FIRST Tech Challenge. Жеңімпаздар халықаралық кезеңде Американың Хьюстон қаласына ел намысын қорғауға аттанады.

«Биылғы маусым энергияның өзекті тақырыбына арналған. FIRST жарыстарының бірегейлігі роботтарды бағдарламалау мен құрастырудан бөлек балалар инновациялық жобасымен жұмыс істеп, өз қауымдастығының өзекті мәселелеріне инженерлік шешімдер жасап жатыр», деп атап өтті Ustem Robotics қорының басшысы Асылбек Мырзахметов. 

Ойын ұйымдастырушыларының айтуынша, өткен жылдың соңынан бастап әр команда #FIRSTKZ2023 хэштегімен әлеуметтік желілерде көптеген тапсырмаларды орындады, соның ішінде балалар әртүрлі энергетикалық станциялардан нақты репортаждармен жұмыс істеді, сарапшылардан сұхбат алды, оқу орындарында презентациялар мен шеберлік сыныптарын өткізді. Оқушылар жарысқа дайындық аясында жоғары оқу орындарының студенттерімен өз тәжірибелерімен бөлісті. 

Жыл сайын робототехникамен айналысатын балалардың саны артып келеді. Осы бағыттағы барлық тараптардың үйлесімді жұмысының нәтижесінде 2022 жылдың қазан айында Қазақстан оқушылары Женевадағы робототехника бойынша first GLOBAL CHALLENGE Бүкіләлемдік жарыстарында жеңіске жетті. Кейінірек қазақстандық оқушылар алғаш рет Дортмундтағы робот-техника бойынша халықаралық олимпиадада екінші орынға ие болды.

FIRST Robotics Дүниежүзілік қозғалысының іріктеу матчтары Астана, Алматы, Шымкент және Орал қалаларында өтті. Оларға 2 мыңнан астам оқушы қатысты. Соңғы 3 жылда Қазақстанда 3 мыңнан астам робот-техника кабинеті ашылды. Екі мыңнан астам мұғалім робот-техника курстарынан өтті.

Орталық Азия чемпионаты үш күнге созылады. Ойындардың ресми жабылуы 26 ақпанда өтеді.