Күрес • 27 Ақпан, 2023

Қолаға толған қоржын

199 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Александрия (Мысыр) қаласында ұйымдастырылған Олимпиада чемпионы Ибраһим Мұстафаны еске түсіруге арналған күрес түрлерінен рейтингтік турнир аяқталды. Жарыстың соңғы күнінде жанкүйерлер әйелдер мен еркін күрес шеберлерінің тартысты белдесуін тамашалады.

Қолаға толған қоржын

Қыздар арасындағы сайыста Эльмира Сыздықова мен Марина Седнева үздіктер қатарынан көрініп, ел қоржынына қола жүлде салды. Аса ауыр салмақта белдесетін Сыздықова алғашқы айналымда франциялық Синтия Весканнан басым түскенімен, ширек финалда қытайлық Жуан Вангтен жеңіліп қалды. Абырой болғанда Жуан финалға шығып, Эльмира жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алды. Бұл кезеңде ол тағы бір отандасымыз Гүлмарал Еркебаевадан айласын асырып, қола жүлде үшін күресте үндістандық балуанды таза ұтты.

Биылғы Қазақстан спартакиадасында 55 кило салмақта топ жарған Марина Седнева да Мысырдағы турнирде үздік үштіктен көрінді. Жарысты ширек финалдан бастаған отандасымыз алғашында америкалық спортшыны ұтқанымен, жартылай финалда түркиялық Бадиха Гунге есе жіберді. Ал қола медаль үшін өткен белдесуде үндістандық Сушма Шокеннен басым түсті.

Сондай-ақ еркін күрес бәсекесінде өнер көрсеткен екі өкіліміз де тұғыр биігінен көрінді. 57 килода белдескен спартакиада жеңімпазы Рахат Қал­жан мен аса ауыр салмақтағы Юсуп Батырмұрзаев үшінші орынға табан тіреді. Бұл сында Р.Қалжан мен Ю.Батырмұрзаев амери­калық балуан­дардың осал тұсын тауып, қола жүлдеге қол жеткізді.

Үш күнге жалғасқан жарыста Қазақ­стан құрамасының балуандары 13 медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте үздіктер қатарынан көрінді.