Қысқы спорт • 01 Наурыз, 2023

Ильяның алтыны

197 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл күндері Ресей Фе­де­­ра­­циясының Ке­­ме­рево қа­ласында қысқы спорт түр­лерінен ІІ «Азия балалары» ойындары өтіп жатыр. Жас жеткіншектер додасына қатысып жатқан Қазақстан құ­ра­ма­сының өрендері сәтті өнер көрсетіп жатыр. Жер­лестеріміз бүгінге дейін 7 медаль (1 алтын, 3 күміс, 3 қола) олжалап үлгерді.

Ильяның алтыны

Спортты дамыту дирекциясының бас­пасөз қызметі таратқан мәлімет бойынша, ел қоржынына алғашқы алтынды шаңғымен тұғырдан секіру спортының өкілі Илья Мизерных салды. К-40 (60 метр биіктен) санатындағы трамплиннен секіруде 239,3 ұпай жинаған отандасымыз қарсыластарынан оқ бойы ұзап, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Сонымен қатар дәл осы санатта жарыс жолына шыққан тағы бір жерлесіміз Илья Шильников аттасынан 12 ұпай аз жинап, 227,3 ұпаймен күміс медальді мойнында жарқыратты. Қола медаль Қиыр Шығыс федералды аймағынан келген Дмитрий Серегинге бұйырды.

Қыздар арасындағы сайыста отан­дасымыз Софья Шишкина үздік үш­тік­тің қатарынан көрініп, қола ме­дальге қол жеткізді. Бұл сайыс­та Орал федералды аймағының спортшысы топ жарса, Беларусь өкілі Ева Бе­дриц­каяға күміс жүлде бұйырды. Бір айта кетерлігі, осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2019 жылы Оңтүстік Сахалинде өткен алғашқы «Азия балалары» ойын­дарында Софьяның әпкесі Вероника Шишкина шаңғымен тұғыр­дан секіруде жұлдызы жанған еді. Осылайша, төрт жылда бір отбасының екі өкілі биік тұғырдан көрініп отыр.

Илья Мизерных пен қола жүлдегер Софья Шишкина ақпан айының басында Алатау баурайында өткен IV қысқы Жастар спорт ойындарында К-60 трам­плинінде жеңіске жеткен еді. Ал Алёна Свериденко (ШҚО) қола жүлдені қоржынға салған.

Сондай-ақ «Азия балалары» ІІ қысқы ойын­дарына қатысып жатқан шорт-трек­шілеріміз де жарап тұр. Мұз үстінде ой­қастаған жерлестеріміз төрт жүлде жеңіп алды. Ерлер арасындағы жекелей сында Мейіржан Төлеген 1 500 метрге жүгіруде мәре сызығын екінші кессе, Малика Жол­табар дәл осы қашықтықтағы қыздар сайысында қола жүлдені қанағат тұтты.

Ал эстафета сайысында (3 мың метр­ге) құ­ра­­мында Әлі­би Әлім­ге­реев, Ма­дияр Ма­­­ди­хов, Ер­асыл Шың­­ғысхан мен Мейір­жан Тө­­леген сын­­ды елі­­міздің ең үздік шорт-трекшілері бар Қа­зақстанның ерлер құрамасы күміспен күптелсе, Нұрия Алпысбай, Айзада Ал­тынбек, Айсара Лабиб пен Малика Жол­табардан құралған қыздарымыз 3 мың метрге жүгіруде үшінші болды.

Қазақстан делегациясы жалпыко­ман­далық есепте 1 алтын, 3 күміс, 3 қола­мен 7-орынға жайғасты. Мәскеу қала­сының спортшылары (9 алтын, 2 күміс, 4 қо­ла) бірінші орында келе жатса, кейінгі сатыларға Орал (3 алтын, 4 күміс, 3 қола) мен Қиыр Шығыс федералды аймағы (3 ал­тын, 2 күміс, 3 қола) орналасқан.