Қазақстан • 02 Наурыз, 2023

Қазақстан Елшісі Иерусалимдегі UNTSO штаб-пәтеріне барды

280 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Елшісі Сатыбалды Бұршақов пен әскери атташе Вячеслав Волков БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы бітімгершілікті қадағалау миссиясының (United Nations Truce Supervision Organization, UNTSO) штаб-пәтерінде болды, деп хабарлайды Egemen.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Елшісі Иерусалимдегі UNTSO штаб-пәтеріне барды

Сапар аясында Миссия басшысы генерал-майор Патрик Гоша UNTSO-ның мандаты туралы презентация жасады. Сондай-ақ аймақтағы әскери-саяси ахуал туралы пікір алмасу болды.

Елші БҰҰ бітімгершілеріне Қазақстанның Таяу Шығыстағы мемлекеттермен достық қарым-қатынасы және Сирия мәселесі бойынша «Астана процесі» халықаралық платформасының дамуы жайлы айтып берді.

Сонымен қатар қазақстандық дипломат Миссия басшысын елімізде бітімгершілік жөнінде қабылданып жатқан шаралар мен қазақстандық бітімгерлердің БҰҰ миссияларында географиялық қатысуы туралы хабардар етті.

Тараптар Түркия мен Сириядағы жойқын жер сілкінісінің салдарын да талқылады. Осы ретте, С.Бұршақов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен екі елге гуманитарлық көмек жеткізілгенін атап өтті. Сондай-ақ Түркиядағы қазақстандық құтқару тобының қызметі мен түрік тарапына бөлінген 1 млн АҚШ долл көлеміндегі қаржылай көмекке жеке тоқталды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты байланыстарды жандандыруға жәрдемдесуге келісті.