Әскер • 07 Наурыз, 2023

Тамара ханым тыңдап тұр...

286 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаны нәзік демесеңіз, әйел баласы қоғам дамуына қозғау салатын қай істің де бел ортасынан табылып, ел өркендеуі жолында ерлермен иық тірестіре еңбек етіп келеді. Біздің айналамызда мұндай қайсар ханымдар аз емес. Солардың бірі – бар қажыр-қайратын әскери журналистикаға арнаған әріптесіміз Тамара Дәулетбаева.

Тамара ханым тыңдап тұр...

Әскери тақырыпқа қалам тер­бейтін тілшілер қауымы Тамара Қуанышбекқызын «беске» бі­леді. Шекара шебіндегі шымыр жігіттердің тіршілік тынысын арқау еткен ойлы очерктерін оқып отырып, мойнынан фотоаппараты түспейтін, қашан көрсең шапқылап жүретін таныс бейне көзімізге оттай басылады. Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қыз­метінің «Отан сақшысы» газетінде ширек ғасыр бойы табан аудармай қызмет етіп келе жатқан ақмылтық журналистің алғашқы еңбек жолы ІІМ Ішкі әскерінің «Қалқан» басылымынан бастау алған. 1997 жылы Ұлттық ұлан сапында әскери шен алған ол, бүгінде запастағы подполковник.

Өз ісіне жанымен берілген Тамара ханыммен қызмет бабында жиі кездесеміз. Тілшілерді қиырдағы шекара заставаларына бастап барып, ел шетін кірпік қақпай күзететін жауынгерлердің еңбегімен таныстыруда алдына жан салмайды. Ең алғаш оны бақылау бекеттерінің біріндегі мұнарадан көріп, бас айналар биіктіктен саты бойымен заулап бара жатқан жанкештілігіне қайран қалғанбыз. Бәзбір сапта­ғы сарбаздай қимылы ширақ, сөйлеу мәнері де әскери өмірге бейімделген. Телефон шалсаң, тұтқаны көтере сала: «Тамара ханым тыңдап тұр» деп әскери­лерше тіл қатады. Оның аузы­нан шыққан шекара туралы аңызға бергісіз әңгімелерді әріп­тестермен бірге автобус ішін­де Алматыға жеткенше таңғала тыңдағанымыз жеке мақалаға жүк боларлық дүние. Кейіннен бұл материалдардың желісін ав­тор­дың «Арда туғандар» және «Шекара соқпақтары» атты кітап­тарынан танып білдік.

– Осы наурызда менің шекарашы атанғаныма тура 25 жыл толды. Ойлап отырсам, ел ше­біндегі жылдарым босқа өткен жоқ. Қызықты оқиғаларға толы болды. Қазақтың бағына туған нағыз патриоттарымен жүздесіп, сұхбаттас болып келемін. Біздің арамызда былайғы жұрт байқай бермейтін тағдырлары ерекше адамдар өте көп. Олар маған шабыт береді. Осы жылдар ішін­де республиканың барлық шекара аймақтарын аралап, шека­ра­шылардың өмірімен, қиын да қы­зықты қызметтерімен таныс­тым. Олармен бірге жауынгерлік кезекшілікке тұрған кезім де болды. Бұл маған жазып жүрген саламның табиғатын толық тануым үшін керек еді. Бірде атты шекара нарядының құрамында қызмет атқару кезінде астымдағы атым үркіп, мені ала қашқаны бар... Шекара бұзушының рөлін сомдадым. Түнде тау ішімен на­ряд­тан оралып келе жатып, қас­қыр­лардың отша жанған көзде­рін көрдім. Бірақ біздің қаруы­мыздың иісін сезіп, түз тағыла­ры қасымызға жақындап келе алмады. Шекарашылардың ел шебінде бастарынан кешірген оқиғаларын жазып алу – менің хоббиім, – деп тебіренеді Тамара Қуанышбекқызы.

Кейіпкеріміз тарихы әріден басталатын басылымның қабыр­ғасында еңбек ете жүріп, қатар­дағы тілшіден бөлім бастығына дейінгі баспалдақтан өтті. Қыз­меттік жолда жеңісті һәм жемісті сәттері жетерлік. 2017 жылы ҰҚК-нің құрылғанына 25 жыл толуына орай, БАҚ өкілдері ара­сында өткен республикалық бай­қау­дың жүлдегері атанса, 2021 жылы аталған құрылым Абай Құнанбайұлының 175 жыл­­дығын мерекелеу аясында ұйым­дас­тырған «Абай» шығар­машылық байқауының «Үздік прозалық шығарма» және «Үздік журналистикалық туынды» но­ми­­нацияларының жеңімпазы болды. Ал 2019 жылы Әбіш Ке­кіл­баевтың туғанына 80 жыл толуына орай салтанат құрған шығармашылық байқаудың «Әбіш Кекілбаев – патриот өлке­танушы» аталымында жүз­ден жүйрік шыққанын шекарашылар мақтанышпен айтады.

Мықты маман – қай ұжымның да мақтанышы. Әріптесіміздің қаламына ілінген қаншама шекарашы жұрт құрметіне бөленіп, еңбегі еленгені өз алдына бөлек әңгіме. Қуатты құрылымның тыныс-тіршілігін терең сезінетін ол тілшілік-тіршілікте талай шекарашының тағдырына ара­ша болды. Тағы бірде өз сүйік­ті тақырыбына қатысты: «Шека­раны күзету міндеті – диірменнің тоқтаусыз айналған дөңгелегі секілді, күн-түн дегенді білмейді. Бір шекарашы қызметтен оралып келе жатса, қару асынып, ит жетектеген екіншісі қақпадан шығып бара жатады»,  деп әңгіме бастап еді ол. Біз де өз кезегінде қаламын қару еткен әріптесімізді көктем мерекесімен құттықтап, ел игілігі жолында диірменнің тоқтаусыз айналған дөңгелегіндей тыным таппай еңбек ете беріңіз деп тілек білдіреміз.

 

АЛМАТЫ