Отбасы • 07 Наурыз, 2023

Өндірістегі үш буынның өкілі

180 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көп жағдайда кәсіпорындардағы ауыр жұмысты тек ер-азаматтар істейді деп ойлаймыз. Алайда Ақтөбе ферроқорытпа зауытында талай жылдан бері еңбек етіп келе жатқан әйел затының үш буын өкілін кезіктіруге болады.

Өндірістегі үш буынның өкілі

Суретті түсірген Ұлан Сыдықов

Әулеттің ішінен алғаш болып 1988 жылы кәсіпорынға Ақзира Құсайынова жұмысқа тұрған. Себебі тұрып жатқан Елек елді мекені зауытқа жақын еді. Ақзира апа ферроқорытпа зауытының әкімшілік-шаруашылық бөлімінде техникалық қызметші болып 21 жыл үзіліссіз еңбек етіп, 2019 жылы зейнет­ке шықты. Арада аз уақыт өт­кенде осы зауытқа Ақзира апайдың қызы Гүлзада келді.

«2000 жылы жұмыс істеп жатқан мекемем жабылған соң, зауытқа келдім, – дейді энергетикалық цехтың маманы Гүлзада Темірова. – Сол уақытта қазіргі 900 орындық тұрмыстық корпустың орнында жөндеу-құрылыс цехы болатын. Ол бөлімшеде ғимараттар мен пештерді жөндеу жұмыстарымен айналыстық. Әйелдерден құралған сырлаушылар бригадасында 10 жыл жұмыс істедім. Кейін бөлімше таратылып, қызметкерлер басқа цехтарға ауыса бастады. Мен энергетикалық цехтың кондиционер машинисі қызметіне кірістім. Ал екі жыл бұрын аталған құрылғының аппаратшысы атандым, сонысымен жауапкершілігім де артты».

Пандемия басталғалы Гүлзаданың да жұмысы көбейді. Себебі ол қаланың ауруханаларына жеткізіліп жатқан оттегінің тазалығына жауапты болатын. Зауыттың осы учаскесінде тазалығы 99,9% жоғары, медициналық мақсаттарға жарамды оттегі өндіріледі. Сын сағатта кәсіпорын емдеу меке­ме­ле­ріне тәулігіне 800 баллон жеткізіп тұр­ды.

«Сол сәтте бәріміз қиналдық. Әсіресе медициналық мекемелерге баллон тиеп жүрген жігіттердің жұмысы ауыр еді. Мен оттегінің тазалығына жауапты едім. Адам жетпей жатқандықтан, түнгі ауысымға екі-үш адамнан қалып жүрдік. Тіпті істен шыққан құрылғыны өз қолымызбен жөндейтінбіз. Адамдар­дың өмірін аман сақтап қалуға үлесі­міз­ді қосып жүргендіктен, шаршау дегенді ұмыт­тық», дейді Гүлзада Сағынтайқызы.

Көп кешікпей Гүлзаданың қызы Сабина Ғазизова да зауытқа жұмысқа келді. Қазір де ол химия зертханасында жұмыс істейді. 2019 жылы Алматыда оқу бітіріп, өз мамандығы бойынша сол қалада еңбек етіп жүргенде пандемия басталып, оның ата-анасы эпидемиялық жағдай тұрақталғанша Ақтөбеде бола тұруын қалады. Бірақ жастайынан еңбекқор Сабина үйде көп отыра алмай, зауытқа құжатын тапсырды. Сұхбаттасудан сәтті өтіп, рентгенспектрлі талдау зертханашысы болып кәсіпорынға кірді. Қазір ол – зертханада металл құрамының сапасын тексеретін маман.

Гүлзада қызының өз мамандығы бойынша жұмыс істеп жатқанына риза. Оның пікірінше, тұтынушылар сапалы тауар алса, компанияға деген сенім де, үміт те артады. Компанияда жастарға барлық жағдай жасалған. Ол зауыт қызметкерлерінің бірнеше мамандықты меңгеруі өзі үшін де, отбасы үшін де маңызды деп есептейді.

 

Қамбар МҰҚАШ

 

Ақтөбе