Руханият • 14 Наурыз, 2023

«Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» халықаралық форумы өтті

368 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Түркі дүниесінің түбірі тұран даланың әр тарабын мекендеген бауырлас халықтардың бірлігін бекемдеп, оларды ынтымаққа ұйыстыратын қуатты құндылықтарға бай. Біз айтып отырған құндылықтардың өзегі тарихқа өрнек салған мәдени мұраларда жатыр. Оларды танып-білу, зерттеп-зерделеу маңызды міндет. Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музейде салтанат құрған «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» атты халықаралық ғылыми форумда түбі бір түркі халықтарының мәдениеті мен өнері зерделеніп, айшықты мұраларымызды насихаттаудың маңызды бағыттары сараланды.

«Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» халықаралық форумы өтті

Өткенге үңілмей, келешекке керуен тарту мүмкін емес. Қадымнан қалған киелі дәстүрлер ұлттық қасиет-қалыбымыздың айнымас темірқазығы. Форум жұмысына бауырлас Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан мен көршілес Ресей елінен арнайы келген айтулы ғалымдар туысқан халықтарды бір арнада тоғыстыратын игі дәстүрлердің алтын арқауын үзбеу үшін мұндай басқосуларды жиі өткізу қажет деп есептейді. Іс-шараны ашып берген Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдаланудың маңызына тоқтала келіп, халықтың рухани әлеуетін қуаттандыру Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәдени қауымдастықтың алдына  қойып отырған негізгі міндеттердің бірі екенін атады. Әсіресе өнер мен мәдениетті қолдауда дәстүрлі құндылықтарды заманауи мүмкіндіктердің көмегімен насихаттаудың артықшылығы мол.

Мемлекеттік Орталық музей директоры Рашида Харипова, адамзат өркениетінде өзгеше мәнге ие түркі халықтарының көрнекті дәстүрлері мәдени мұраларымыздың қаймағы екенін атап өтті. Бұл тұрғыда түгел түркі баласы ұлыстың ұлы күніне балайтын наурыз мейрамының тамыры тереңде жатыр. Табиғатпен бірге адам жаны да жаңаратын, береке мен бауырмалдыққа бастайтын Наурыз – шаттық пен ғибратқа толы мейрам. 

Форумның пленарлық отырысында Наурыз мейрамының тарихы мен тамырын  арқау еткен бірнеше баяндама көпшілік назарына ұсынылды. Атап айтқанда,  филология ғылымдарының докторы Нұргелді Уәли «Наурыз: салт-дәстүрі» тақырыбына арнаған баяндамасында ұрпақтан ұрпаққа жеткен тағылымды дәстүрлер болмысымыздың бүтін бір бөлігіне  айналған атаулы мерекемен астасып жатқанын айтса, Анкара университетінің тіл және тарих-география факультетінің профессоры әрі жалпы түрік тарихы бөлімінің меңгерушісі, Абдулла Гюндогду түркі космологиясы  мен мифологиясындағы Наурыз ұғымына қатысты тұщымды ойын ортаға салды. Ал Өзбек еліндегі Мирзо Улугбек атындағы Ұлттық университеттің профессоры Замира Ишанходжаева жаңару мен жаңғырудан бастау алатын мерекенің әлемдік мәдениетке тигізген оң әсері хақында баяндама жасады. Елабуга Мемлекеттік заманауи этноөнер қорық-музейінің директоры Зиля Нигамаеваның «Қазан татарларының Наурыз мерекесін атап өтудегі ерекшеліктері» тақырыбындағы қызықты деректерге толы баяндамасы наурызды атап өтуде әр этностың өзіне тән ерекшелігі болғанымен олардың бәрін ортақ сенім мен игі мақсаттар тоғыстыратынын дәйектеп жеткізді. Форумға модераторлық еткен М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Матыжанов, Түркияның Алматы қаласындағы Бас консулы Али Рыза Акынжы, Өзбекстан республикасының шаһардағы Бас консулы Аброр Фатхуллаев түркі халықтары арасындағы достық мәдениетінің бүгінгі  өрісі туралы пікір білдірді.

Ықылым заманнан келе жатқан ұғымның сипаты әр дәуірдің нарқына сай өзгеріске  ұшырап отырғаны мәлім. Ал оның түпкі мәнін сақтап қалу жауапты іс. Қазақстан Республикасы Материалдық емес мәдени мұра ұлттық комитетінің мүшесі, Орталық Азиядағы өнер білімі бойынша ЮНЕСКО сарапшысы Евфрат Имамбек, халықаралық мәдениетте наурыз нақыштарын әйгілейтін бастамаларды музейлер жұмысында жандандырудың тың тетіктерін алға тартты. Сөз арасында Мемлекеттік Орталық музейдің бұл бағыттағы ауқымды жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ.  Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің «археология, этнология және музеология» кафедрасының профессоры,  Тәттігүл Қартаеваның «Алашорда лидерлерінің Наурыз туралы жазбаларындағы  деректерді талдау» тақырыбына арнаған  баяндамасы алаштықтардың халық тарихымен тамырлас мерекені ұлт зердесінен өшірмеуге арқау болған еңбектерін жіпке тізді. Ұлтты ұйыстырып, аразды тату қылған наурыз әр халықтың танымында мейірім мен ынтымаққа жетелейтін мән ретінде сипатталады. Соғдалықтар «наусарыз», хорезмдіктер «наусарджи», армияндар «навасарди» чуваштар «норас-ойахе» деп атаған мерекенің өзегі өмірге, табиғат анаға деген махаббаттан бастау алатыны айтылды.

грш

Басқосу  аясында «Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасы: жаңа тәсілдері мен қағидалары» блогы жұмыс істеп, онда 2003 жылғы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау туралы Конвенциясының қағидаларын ілгерілетудегі жергілікті музейлердің рөлі мен маңызы туралы және Мәдениеттің дәстүрлі негіздерінің өзектілігі ретінде материалдық емес мәдени мұра құндылықтарын насихаттауға арналған «STARTUP-NAURYZ» жобасы таныстырылды.

Музей, кітапхана, архив жұмысының заманауи инновациялық нысандарының ғылыми және практикалық аспектілері бағыттарын талқылауға арналған тағы бір сессия өнертанушылар мен музей менеджерлеріне тәжірибе алмасу алаңы болды. Бұл бөлімде музейлік цифрландыру және виртуализациялаудағы мемлекеттік есеп талабына сай келетін бірыңғай ережелер, web-қосымшалар, серверлік конфигурация, техникалық қамтамасыз ету тәрізді мәселелер талқыланды.

Форум жұмысы барысында Орталық музейдің ерекше білім беруді қажет ететін балаларға (зағип және нашар көретін) музейлік білім беру арқылы жәдігерлер туралы түсініктерін қалыптастыра отырып көкжиектерін кеңейту, қиялдары мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға серпін беру мақсатында жүзеге асырылған «Жеті қазына» әлеуметтік жобасы таныстырылды. Музей мамандары әлеуметтік жоба атадан балаға мұра болып келе жатқан құндылықтарымызды одан әрі дамытып, қазіргі заман талабына сәйкес жаңашаландырып, өскелең ұрпаққа насихаттауды көздейтінін айтады. Осы орайда, музей саласының өзекті мәселелерін қамтитын «MUZEUM.KZ» ғылыми-тәжірибелік журналының алғашқы саны жарық көргенін сүйіншілеп айта кеткен жөн.  Халықаралық стандарттарға сәйкес жылына 4 мәрте шығатын басылым музей қабырғасындағы  жас ізденушілер мен тәжірибелі мамандар арасындағы кәсіби байланысты қалыптастыруға ықпал етпек. Журналдың алғашқы санында археология, нумизматика, этнология, отандық және шетелдік музейлер тарихы туралы ғылыми-танымдық материалдар қамтылған.

Мәдени құндылықтардың ішінде зергерлік бұйымдар мен көнеден бүгінге жеткен жәдігерлердің маңызы ерек. Форум жұмысы аясында коллекционер, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген Өнер қайраткері, мәдениеттанушы Азат Әкімбектің «Орталық Азия мен Кавказ халықтарының XVIII-XIX ғғ. зергерлік бұйымдары» атты көрмесі ашылды.  

Ғылым қайраткерлері мен мәдениет жанашылары, тарихшылар мен  өнертанушылар қатысқан мазмұнды шара  дәстүрлі түрде үзбей өтіп келе жатқан музей түні жобасына ұласып, халқымыздың бай тарихы сақталған музей қорындағы құнды жәдігерлер көпшілік назарына ұсынылды.

шд