Экология • 28 Наурыз, 2023

Бұзылық су қоймасын салуға 43 миллиард теңге бөлінеді

250 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов алдағы жылдары Нұра топтық су құбырын қайта жарақтауға 16 млрд теңге бөлінетінін айтты. Бұл туралы Үкімет басшысының депутаттардың сауалына жолдаған жауабында айтылған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұзылық су қоймасын салуға 43 миллиард теңге бөлінеді

«Қазіргі таңда Экология және табиғи ресурстар министрлігі жалпы құны 630,8 млн теңге болатын Егіндікөл ауылынан Степняк қаласындағы астық қабылдау пунктіне дейінгі ұзындығы 15 шақырым Нұра топтық су құбыры учаскесін реконструкциялау жобасын іске асырып жатыр. Биыл жобаны іске асырудың басында республикалық бюджеттен 330 млн теңге сомасында қаражат көзделген. Жоба 2024 жылдың шілдесінде аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 337 шақырым болатын Нұра су құбырының қалған учаскелерін реконструкциялауға бағытталған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталады. Реконструкциялаудың құны шамамен 16 млрд теңгені құрайды. Іске асыру кезеңі – 2024-2026 жылдар», деп жауап берді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, Есілдің арнасындағы суды тиімді падалану мақсатында 2024 – 2027 жылдары Бұзылық су қоймасы салынады.

«Экология министрлігі шілде айында көктемгі мол суды реттеп, жинақтау үшін сондай-ақ оның Есілдің төмен жағындағы Сергеев, Петропавл су қоймаларының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін Есіл қарымта реттегішін (Бұзылық су қоймасы) салу жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді аяқтайды. Құрылыстың болжамды құны – 43 млрд теңге. Іске асыру кезеңі – 2024 – 2027 жылдар», деді Премьер-министр.