Білім • 28 Наурыз, 2023

Қазақстан оқушылары TIMSS-2023 зерттеуіне қатысады

886 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Төртінші және сегізінші сыныпта оқитын қазақстандық оқушылар халықаралық TIMSS-2023 зерттеуіне қатысады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан оқушылары TIMSS-2023 зерттеуіне қатысады

Халықаралық білім жетістіктерін бағалау қауымдастығы (IEA) 1995 жылдан бастап TIMSS зерттеуін төрт жылдық циклмен өткізіп келеді. Ауқымды зерттеуге әлемнің 60-тан аса елі қатысады. Ал Қазақстан 2007 жылдан бері тұрақты қатысып келеді.

Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің ақпараты бойынша, биыл сәуір айынан бастап TIMSS-2023 халықаралық зерттеуінің негізгі кезеңі басталады. Оған республикалық маңызы бар 3 қала мен 17 өңірдегі 195 мектептен 12 мыңнан астам оқушы қатысады.

«Зерттеудің мақсаты – бастауыш және негізгі мектеп оқушыларының жаратылыстану және математикалық дайындығының сапасын бағалау. Зерттеуге төртінші және сегізінші сынып оқушылары, мектеп әкімшілігі, математика және жаратылыстану пәндерінің мұғалімдері, төртінші сынып оқушыларының ата-аналары қатысады. Оқушылар тестілеу мен сауалнамадан өтеді. Ата-аналар, әкімшілік және мұғалімдер арасында сауалнама жүргізіледі. TIMSS зерттеуі 2023 жылдан бастап компьютерлік форматта өткізіледі», деп түсіндірді комитет төрағасы Ернұр Дәуенов.

TIMSS зерттеуі мектептегі сабақтастықты бағалауға мүмкіндік беретінін айта кету керек. Мәселен, TIMSS-2023-ке қатысатын сегізінші сынып оқушылары TIMSS-2019-да төртінші сыныпта оқыды. Педагогикалық қоғамдастық бастауыш және негізгі мектеп арасындағы сабақтастықты қамтамасыз ету үшін жаратылыстану-математикалық цикл пәндерін оқытудың жаңа әдістемелерін пайдалана алады.

Сондай-ақ TIMSS зерттеуі оқушылардың білім деңгейіне әсер ететін факторларды анықтауға көмектеседі. Зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстанның бұған дейінгі циклдерге қатысу қорытындыларын ескеріп, ұлттық есеп жариялайтын болады.