Тағайындау • 29 Наурыз, 2023

Мәжіліс төрағасының орынбасарлары сайланды

307 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжілістің жалпы отырысы барысында палата төрағасының екі орынбасары сайланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәжіліс төрағасының орынбасарлары сайланды

- «ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңы 9-бабы 8-тармағына сәйкес, палата депутаттары арасынан Мәжіліс төрағасының ұсынуымен палата депутаттары жалпы санының көпшілік дауысымен сайланатын екі орынбасары болады. Сондықтан өзіме берілген құқықты пайдалана отырып, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары лауазымына алдымен Мәжіліс депутаты Альберт Раудың кандидатурасын ұсынамын, - деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов палатаның жалпы отырысында.

Дауыс беру барысында отырысқа қатысқан 97 депутаттың 96-сы Альберт Раудың кандидатурасын қолдап, 1 депутат қалыс қалды.

Осыдан кейін Мәжіліс төрағасы 2-ші орынбасары лауазымына Дания Еспаеваның кандидатурасын ұсынды.

«Дания Мәдиқызы - тәжірибелі экономист. Көптеген жылдар бойы басшылық қызметте, банк секторында жұмыс істеген. 7-сайланымдағы Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы болып, заң шығару қызметіне белсене атсалысты. Өзін кәсіби маман ретінде көрсете білді», деді Ерлан Қошанов.

Дания Еспаеваның кандидатурасын 94 депутат қолдады, бір депутат дауыс берген жоқ, 2 депутат қалыс қалды.