Пікір • 30 Наурыз, 2023

Басым бағыттар айқындалады

270 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің ғылыми өміріндегі жағымды жаңалықтардың қатарына Президенттің Ұлттық ғылым академиясына қатысты Жарлығын қосуға әбден болады. Академияның абыройын арттырған құжатта бұдан әрі академия «Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы» мәртебесін иеленіп, жаңа мекеме басшысын ел Президентінің өзі тағайындайды әрі қызметтен босатады деп көрсетілген.

Басым бағыттар айқындалады

Ғылыми жұртшылық көптен күткен үміт ақталды, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жемісін берді. Әрине, Ұлттық ғылым акаде­миясының мүшелері негізгі мақсат мерейлі мәртебеге қол жеткізуде ғана емес, сондай-ақ зор жауапкершіліктің жүктелетінін де жақсы түсінеді. Бұған дейін Мемлекет басшысы өзі төрағалық ететін «Ғылым және жаңа технологиялар бойынша» ұлттық кеңес құрған болатын. Алдағы уақытта сол кеңестің алғашқы отырысы өтеді деп күтіліп отыр. Сол кезде ел ғылымын дамытудың басым бағыттары айқындалып, Ұлттық ғылым академиясының жаңа мәртебеге сәйкес атқарар міндеттерін айқындау көзделген. Ғалымдар қауымы ұсынған ғылымның жаңа бағыт-бағдары ба­ғамдалып, іске асыру тетіктері тиянақ­талады.

Парламент палаталарының бірлескен отырысында жаңадан сайланған депутаттар алдында сөйлеген сөзінде де Қасым-Жомарт Кемелұлы ел экономикасы ғылымға негізделуі керектігін ерекше атап өтті. «Ғылым мен білімді екінші орынға қойған мемлекет ешқашан ешбір салада бірінші орынға көтеріле алмайды» деген қағиданы қаперіне алған Мемлекет басшысының: «Қазақстан экономикасы ғылыми жетістіктерді негізге алуы керек. Зерттеу жүргізіп, патент алу жеткіліксіз. Ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану қажет. Ғылымды жан-жақты дамыту үшін жаңа заң қабылдау керек» дегенін ғылыми жұртшылық жылы қабылдады. Сонымен қатар жаңа заң жобасын әзірлеуде Ұлттық ғылым академиясының мүшелері де белсенді түрде атсалысуға дайын екенін айтқым келеді. Ғылым әлеуетін арттыруда отандық ғалымдар бар күш-жігерін аянбай жұмсайтынына сенімдімін.

 

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

Ұлттық құрылтай мүшесі, академик