Пікір • 30 Наурыз, 2023

Сапалы білім ұстаз қолында

308 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы білім саласы туралы салмақты ой қозғап, ұстаздарға қойылатын талаптың жоғары болуы керек екенін жеткізді. Өзім ұзақ жылдар осы салада қызмет атқарғандықтан, білім саласы туралы айтқандарына ерекше мән бердім.

Сапалы білім ұстаз қолында

Президент өз сөзінде білім сапасын, әсіресе орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет екенін айта келіп: «Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайын­даған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды. Бәлкім, оны жеңіл­дету, жетілдіру керек шы­ғар. Бұл салада қатып қалған қа­­таң ереже болмауы керек. Бірақ негізі ұстаздарға қойылатын талап жоғары болуға тиіс», деді.

Шынында да мұғалімдердің біліктілік емтиханында артық талаптар бар екені рас. Оны ұзатпай реттесе болады. Алайда білім сапасы тікелей ұстазға байланысты екені анық. Біз білімді ұрпақ даяр­лап шығару үшін мұғалімдердің білімділігіне, біліктілігіне, іскер­лі­гіне баса назар аудару қажет. Мәселен, мектептерді заманауи құрал-жабдықпен жарақтап, материалдық-техникалық базасын қанша нығайтқанымен, оқушының сапалы білім алуы  ұстаздың қолында. Сондай-ақ оқытушының бойында білікті­лі­гімен бірге, ұстаздық қасиеті де болуы қажет. Егер ол өте бі­лік­ті болғанымен жаңағы қасиет бойы­нан табылмаса, оқушыға өз дәрежесінде білім бере алмайды. Сондықтан осы қасиетті қатар ұс­танған ұстаздың жұлдызы жарық.

Сонымен бірге Мемлекет бас­шысы мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайтынын айта келіп, мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет екеніне маңыз берді. «Бізде Президенттік жастар кадр резерві бар. Дәл сол сияқты білім саласына өзгеріс әкелетін 1 мың маман арнайы дайындықтан өтетін болады. Осы­ған орай тиісті бағдарлама қа­былданады.Кадр мәселесі жо­ға­ры білім беру жүйесі үшін де өте өзекті», деді Президент.

Жиында көтерілген кадр мәселесі де көңілімнен шықты. Өз тәжіри­бемнен бір мысал кел­­тірейін. Еңбек жолымды ма­тематика пәні мұғалімі бо­лып бастап, одан соң мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, сосын оқу ісі жөніндегі орынбасары болдым. Сосын мектеп директорлығына тағайындалдым. Осындай бас­пал­дақтан өткен маманның тә­жіри­бесі молайып, ісі алға басады. Бұрын мектеп директорлары арнайы курста оқып, білікті мамандардың дәрісін тыңдайтын. Онда мектептегі оқу үдерісі, тәр­бие жұмысы, бәрі айтылады. Заң­на­ма құжаттарымен де таныс­тырады. Мектеп директоры болу оңай емес. Үлкен жауапкершілікті жүктейді.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың VIII сайланған Парла­менттің алғашқы сессиясында сөй­леген сөзі депутаттарға өз мін­деттерін сапалы орындауға жол сілтеген нұсқау болды деп есеп­теймін.

 

Аягүл МИРАЗОВА,

Қазақстанның Еңбек Ері