Пікір • 30 Наурыз, 2023

Азық-түлік қауіпсіздігінің алғышарты

193 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген кезінде бірқатар маңызды мәселемен бірге азық-түлік қауіпсіздігіне де назар аударды.

Азық-түлік қауіпсіздігінің алғышарты

Мемлекет басшысы жалпақ жұрт­тың көкейінде жүрген өте өзекті мәселелерге мейлінше көңіл аударып отырғандығын бірден айта кету керек. Соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігі айрықша маңызды. Өңірде ет және ет өнімдерін өндіру сын көтермейтіні де рас. Оның бірнеше себебі бар. Мал сүмесімен күн көретін ауыл тұр­ғындары жайылым мен шабындық жердің жоқтығынан қанатын кеңге жая алмай отыр.

Софиевка селолық округінде орна­ласқан «Шахман» серіктестігі 2017 жылы құрылды. Әуел баста мал шаруа­шы­лығымен түбегейлі айналыссақ деп бел будық. Сол кездегі селолық округ әкімі егер мал қорасын талапқа сай салатын болсаңыздар қажетті жайы­лым­дық және шабындық жер бөлінеді деп сендірді.

Елу бас сауын сиыр сатып алдық. Округ әкімі талап кеткен мал қорасы салынды. Бірақ содан бері алты жыл уақыт өтсе де, біздің серіктестікке жарты гектар да жер бөлінген жоқ. Біз малды өз төлі есебінен көбейте алар едік. Жалғыз біз ғана емес, осы төңіректегі шағын қожалықтардың көріп отырған күні осы. Төрт түлік малдың басы өссе, игілік те үйірілер еді ғой. Шабындық жер болмағандықтан, жыл сайын мал азығын сатып аламыз. Өткен күздің күні 15 келілік шөп бумасы 1200 теңге тұрды. Қыс ортасында қымбаттады. Дәл осындай қалыппен бір бас қара малды қыстан аман алып шығу үшін қаншама қаражат қажет. Міне, ауыл шаруашылығының адымын алға бастырмай тұрған ең бірінші мәселе осы.

Бүгінгі күні өңірде пайдаланылмай жатқан жер қайтарылып жатыр деген қуанышты хабарды жиі естиміз. Бірақ осы арада ашықтық керек. Ол жерлер кімге беріліп жатыр, қандай тәртіппен, қандай ережеге сәйкес, ол жағы беймәлім. Жергілікті билік бұл тақырып төңірегінде ауыз ашар емес.

Осы саланың азабын тартып жүрген адам ретінде айтарым, азық-түлік қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету үшін ең алдымен ауылдағы мал бағып отырған қауымға шабындық пен жайылым жеткілікті әрі әділ бөлінуі керек. Әйтпесе, тірнектеп тіршілік етсек деген ынта бар. Жол-жөнекей кезіккен осындай кедергілер ауылдың көсегесін көгертер емес. Қазір байыптап қарап, ақыл таразысына сал­саңыз ешбір қиындығы жоқ тәрізді. Бос жатқан жер Софиевка селолық округінде де бар. Жомарт жердің тусырап бос жатқанынан гөрі елдің игілігіне жаратылғаны жөн емес пе?!

Президенттің тапсырмасынан кейін үміт оты тұтанғандай. Алдағы уақытта біз тәрізді ауыл шаруасының ахуалын түзейміз деген адамдарға жағдай жасалса жақсы болар еді.

 

Әділхан ШАХМАНОВ,

«Шахман» серіктестігінің басшысы

 

Целиноград ауданы,

Ақмола облысы