Қоғам • 09 Сәуір, 2023

Алматы облысында шина сақталған қойма өртенді

273 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысы Қарасай ауданы Жармұхамбет ауылында шина сақталған қойма өртенді. Өрттің жалпы аумағы 700 шаршы метрден асты. Оны сөндіруге Алматы облысының өрт сөндірушілері, полиция қызметкерлері жіберілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматы облысында шина сақталған қойма өртенді

«2023 жылғы 9 сәуірде сағат 07:20-да Қаскелеңдегі № 5 өрт сөндіру бөлімінің байланыс пунктіне Алматы облысы төтенше жағдайлар департаменті «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары» мемлекеттік мекемесінен Қарасай ауданының Жармұханбет ауылындағы Мақатаев көшесі бойында жалпы ауданы 63 шаршы метр бір қабатты үй өртеніп жатқаны туралы хабарлама түсті. Кейіннен қойма үй-жайындағы автомобиль шиналарына (бір қабатты, Г-тәрізді ғимарат, жалпы ауданы 500 шаршы метр кірпіш және металл қабырғалар, темір тор бойынша металл шатыр) жеткен. Оқиға орнына бірінші бөлімше келген кезде өрт 763 шаршы метрге жайылып үлгерген», делінген Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Өрт сағат 09:08-де ауыздықталды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Жеке тұрғын үйлерге қауіп жоқ.

Аталған факт бойынша Қарасай ауданының ТЖБ ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабының 1-бөлігі бойынша «Абайсызда адам денсаулығына ауыр немесе орташа ауырлықтағы зиян келтіруге немесе азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі зиян келтіруге әкеп соқтырса, оларды сақтауға жауапты адамның өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуы» бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Өртті сөндіруге Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің 27 қызметкері мен 10 бірлік техникасы, Алматы төтенше жағдайлар департаментінің 12 қызметкері мен 2 бірлік техникасы, аудандық полиция бөлімінің 3 қызметкері мен 1 бірлік техникасы, жедел медициналық жәрдем бригадасының 3 қызметкері мен 1 бірлік техникасы жұмылдырылды.