Сенат • 10 Сәуір, 2023

Іс-шаралар жоспары

211 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата бюросының отырысы өтті. Онда VIIІ сайланған Парламенттің І сессиясына арналған Сенаттың негізгі іс-шаралар жоспары және 11 сәуірде өтетін Палатаның кезекті отырысының күн тәртібі бекітілді.

Іс-шаралар жоспары

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Жұмыс жоспары Мемлекет басшысының сессияның ашылуында берген тапсырмаларына сәйкес дайындалғанын атап өтті. Сондай-ақ ол ел Президенті белгілеп берген міндеттерді сапалы әрі уақтылы іске асыру үшін заң шығару үдерісі барынша ашық және инклюзивті түрде жүргізілуі керектігін тілге тиек етті. Соған байланысты Сенат спикері Палатаның Комитет төрағаларына өз салалары бойын­ша осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды.

«Сенаттың жоспарында VIIІ шақырылымдағы Парламенттің І сессиясының ашылуында Мемлекет басшысының жүк­­те­ген міндеттері мен Жол­дауын­да берілген тапсырмалары ес­керілген. Сондай-ақ Коми­теттердің ұсыныстары да назарға алынды. Сенаторлар өткізетін әр іс-шараның нақты нәтижесі болуға тиіс. Кездесулер мен жиналыстарда тек мүдделі орталық мемлекеттік органдармен шектелмей, талқылауға ғалымдарды, қоғамдық көмекшілерді, сарапшыларды және бизнес өкілдерін жұмылдыру қажет. Жергілікті басқару органдарын да іс-шараларымызға кеңінен шақырған жөн. Өйткені алдымызда ауқымды міндеттер тұр, атқаратын жұмыс көп», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Бюро мүшелері Палатаның алдағы отырысының күн тәртібін бекітті. Онда сенаторлар «Қазақстан Республикасының Үкiметi мен Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында оның болу шарттары туралы келісімді ратифика­циялау туралы» заңды қарай­ды. Келісімде көзделген мін­дет­терді орындауы үшін атал­ған халықаралық ұйымның Қазақ­стан Республикасының аума­ғында болуына қажетті жағдай­лар­ды қамтамасыз ету мәселесі қарастырылған.