Саясат • 20 Сәуір, 2023

Андрей Чеботарев, қаржы сарапшысы: Алдағы міндет – «Орташа табыс тұзағынан» құтылу

253 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы экономиканың өсімі туралы айта келіп, соңғы 10 жылда еліміздің «орташа табыс тұзағына» түсіп қалғанын айтты.

Андрей Чеботарев, қаржы сарапшысы: Алдағы міндет – «Орташа табыс тұзағынан» құтылу

Мұның басты себебі – шикізаттық тауарлар экспортына деген тәуелділік. Біз шикізаттық тауарлар сатылымынан түскен кіріске тым қатты тәуелдіміз және эконо­миканың өзге секторларын дамытуға көңіл қоймадық. Орташа кіріс тұзағынан құтылу үшін құрылымдық реформалар жасап, инфра­құрылымды жақсартып, білім мен ғылымның деңгейін арттыру керек.

Сонымен қатар инновация мен экономика­ның жаңа салаларын дамытуды ынталандыру да маңызды. Мұндай тығырықтан шығудың үздік мысалы ретінде Оңтүстік Кореяны айта аламыз. Өткен ғасырдың орта шенінде және соңында, Корей соғысы аяқталғаннан кейін Оңтүстік Корея қираған және әбден кедейленген ел еді. Алайда одан кейінгі онжылдықта айтарлықтай эконо­микалық өсім мен трансформацияға қол жеткізді. Сингапур да мұндай тұзақтан сытылып шығудың тамаша үлгісін көрсетті. 60-жылдары, Малайзиядан тәуелсіздік алғаннан кейін олар аса қиын экономикалық және әлеуметтік тәуекелдермен бетпе-бет келген еді.

Біз экономиканы әртараптандыруға тырысып жатырмыз, бірақ соның үлесі өте төмен. Нарықтық экономика жағдайында Үкімет өзі зауыт ашып, электр стансаларын тұрғызып, бизнес жасай алмайды. Билік тек ойынның ашық ережесін жасап бере алады. Одан кейін инвестор тартып, оған жоба мен кепілдік беру керек. Инвестиция мен бизнес үшін жайлы орта қалыптастыруда отандық банктерді тарту да маңызды. Еліміздегі банк­тер несие беруге қарсы болмайды. Дегенмен бұл үдерісті тежеп тұрған факторлар бар. Соның алғашқысы – 16,75 пайыз деңгейіндегі базалық мөлшерлеме. Демек, осы ставкадан төмен пайызбен кредит берілмейді. Яғни бизнеске несие кем дегенде 20-22 пайызбен беріледі. Ондай пайызбен займ рәсімдеуге кәсіпкерлер дайын емес. Банктерді де түсінуге болады. Егер олар базалық ставкадан төмен не сонымен деңгейлес пайызбен несие ұсынса, онда өз шығынын жаба алмайды, ол тұрмақ қызметкерлеріне жалақы төлей алмай қалады.