Қоғам • 20 Сәуір, 2023

«Жер астына кету қаупі бар»: депутаттар Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жағдайына алаңдаулы

625 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінгі Мәжіліс отырысында Amanat фракциясының депутаттары Мақсат Толықбаев, Айдос Сарым және Ринат Заитов Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің қазіргі жағдайына байланысты сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Жер астына кету қаупі бар»: депутаттар Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің жағдайына алаңдаулы

Сауалды депутат Мақсат Толықбаев оқып берді. Ол өзінің сауалы ұлттық руханият пен келешек ұрпақтың тарихынан ажырамауы үшін маңызы зор деп есептейді.

«Атап айтсақ, кесене қабырғалары ылғал тартып, күмбездің беткі қабаты қопсып, тұзы шығып жатыр. Тұз осы 2-3 жыл бұрын ғана пайда болды. Себебі кейінгі жылдары кесененің алдында көгалдандыру, жасанды абаттандыру жұмыстары жүрді. Ғимараттың ішіндегі ылғалдылықтың шектен тыс артуынан күмбездің бетіне қара дақтар шықты. Дымқылдан жарылған сылақтар көзге анық көрінеді. Қызметкерлер туристердің төбесінен сылақ түсіп жүрмесін деп, Тайқазанның аумағын қызыл лентамен қоршап қоюға мәжбүр. Ал абаттандырудың қызығына кенелген жергілікті әкімдік, мамандардың дабылына құлақ асар емес. Ғалымдардың айтуынша, кесененің әу бастағы жобасын ғылыми тұрғыда зерттеп алмай, жыл сайын реставрация жүргізу - қыруар ақшаны далаға шашқанмен бірдей. Өйткені кесененің алдында тұрған кірпіштер мен астында ғасырлар бойы жатқан қамысты алып тастап, ол жерге жалтыраған бетон гранит тақталар қойған соң ылғал тартып жатқанын айтады. Сонымен қатар күмбездегі тесіктерді бітеп қана қоймай, ішкі жағын қалың гипспен бес елідей етіп жапқан», деді Мақсат Толықбаев.

Депутат атап өткендей, 2021-2022 жылы аталмыш кесенеге зерттеу-сараптау жүргізген «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорны оған «қанағаттанарлық» деп баға берген. 

«Мінекей, осындай олқылықтардың кесірінен Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жер астына кетіп қалу қаупі төніп тұр. Құрметті Премьер-министрдің орынбасары, ата-бабаларымыз «Өткенін жоғалтқанның – келешегі жоқ» деген сөзді бекер қалдырмағаны анық. Біз бүгін , VI – ғасырдан астам уақыт күллі Түркі-Тұран халқының ұлы жәдігері, Қазақ мемлекетін сан ғасырлық сынақтардан аман алып өткен хандар мен билердің, батырлар мен қайраткерлердің пантеоны, Қожа Ахмет Яссауи кесенесін сақтауға міндеттіміз. Маңғыстауда пір Бекет, Түркістанда Қожа Ахмет деп мақтанатын теңдесі жоқ құрылысымызды 6 күнде жер астына жіберіп алсақ 6 құрлықтың алдында жерге қарайтынымыз анық. Біз көтерген мәселе 2023 жылдың 10-25 қыркүйегінде Сауд Арабия мемлекетінің Эр-Рияд қаласында өтететін Бүкіләлемдік мұра комитетінде талқыланбақ. Алайда арқаны кеңге салып күтіп отыратын уақыт жоқ», деп қосты Мақсат Толықбаев.

Депутаттар Алтай Көлгіновтен кесененің айналасындағы сапасыз, олқылықтары көп құрылыстарды кешіктірмей реттеуге және кесенеге төнген қауіптің алдын алуға назар аударуды сұрады.