Еңбек • 20 Сәуір, 2023

Еңбектегі бәсекенің бәсі жоғары

275 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Үкімет үйінде өткен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте көтерілген мәселелер өте ауқымды әрі өзекті. Алқалы жиыннан түйгенім – Мемлекет басшысы осы жолы әкімдерге соңғы ескерту бергендей болды.

Еңбектегі бәсекенің бәсі жоғары

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Себебі «қалаларымыздың жағдайы мәз емес» деген сөз, «әкімдер өз жұмысын дұрыс жасап жатқан жоқ» дегенді білдіреді. Мемлекет басшысы өз сөзінде ірі шаһарлардың инфрақұрылымы жылдан-жылға артып келе жатқан сұранысқа жауап бере алмай отырғанын да өткір сынға алды. Шығыс Еуропадағы Балқан қала­ла­ры­ның муниципалды қыз­метін мысалға келтірген Пре­зидент: «Олардың бюджеті әлде­қай­да аз, ал қалалары өте таза», деді.

Екінші, Президент «Семей қаласын­да­ғы балалар алаңында ойнаудың өзі өмірге қауіпті» деген сөзі тікелей аймақ басшысына бағытталған жоқ. Рас, Семей­дің мәселесі бастан асып жатыр, десе де басқа қалалардың да «тосын сыйлары» жоқ емес. Президент бұл сөзімен «мен барлығын біліп отырмын» деген мессендж жіберді. Осы ескертуден-ақ әкімдер нақты нәтиже шығару керек. Нәтиже болмаса, «Платон менің досым, бірақ шындық қымбат» дегенге келе жатыр.

Үшінші, Президенттің «Халық өз қала­сына ие болу керек. Тазалықты сақтау әр қала тұр­ғын­дарының қолын­да» деген сөзінің артында идеология ба­ғытындағы жұмысты арттыру, әсіресе жастар тәртібіне көңіл бөлу мәсе­лесі жатыр. Бұл тарапта Оқу-ағарту министр­лігіне жүктелер жауапкершілік сал­­мақты. Бізге жас буынның тәлім-тәр­бие­сін, мәдениетін тереңдете түсу қажет.

Төртінші, Мемлекет басшы­сының «Әкімдер өзі басқаратын қалалар мен елді мекендерді жаяу аралауға тиіс» деген сөзінің айналасында біраз әңгіме басталып кетті. Көпшілік бұл сөзді тіке­лей түсінеді. «Әкімдер – мем­лекеттің жергілікті жер­дегі өкілі». Сондықтан олар аймақтағы жағдайды, мәселе мен шешімін күткен түйіндерді іштен білгені жөн. Жаяу жүріп қаланың кем­шілігін байқап, жолшыбай халық­пен кездесу де көп түйінді тар­қа­туға септігін тигізеді. Көлік­пен барып, көлікпен қайтып, орын­­ба­сарларының «бәрі жақсы» деген есебіне тоқмейілсу дұрыс емес. Әр мәселені көзбен көргенге жетпейді.

Бесінші, Президенттің ауыл­шаруа­шылық мәселесіне қатысты тігісін жат­қы­за айтқан: «Ауыл шаруа­шылығы және өндіріс сала­сының дамуында нақты нәтиже жоқ» деген сөзі – ауыр сын. Күнделікті азық-түлігін ала алмай, қым­бат­шы­лықтан еңсесін көтере алмай отыр­ған елдің мәселесін Мемлекет басшысы біліп отыр.

Алтыншы, су мәселесі де бірінші рет айтылып отырған жоқ. Бірақ Үкімет, әсіресе ауыз су проблемасына селқос қарай­тындай көрінеді. «2050 жылы суы тапшы ел боламыз» деген қатаң ескерту айтылды. Бұл сөз болашақ ұрпақтың қа­мын қазірден ойлау қажеттігін білді­ре­ді.

Президент кеңесте депутаттарды сай­лаушылардың өзекті мәселелері бо­­йынша күнделікті қажырлы жұ­мысқа кірісуге шақырды. Бұл ретте кәсі­билік пен жауапкершілік танытуға тиіс екендіктерін де еске салып өтті. «Де­путат­тар әкімдіктермен өзара іс-қимыл ат­қарушы органдар қабылдайтын шешім­дер­дің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, сындарлы арнада жүргізілуге тиіс», деді Мем­лекет басшысы. Рас, халық нем­құ­райлық пен жалқаулықты кешірмейді. Халық мүддесіне келгенде «бармақ бас­ты, көз қыстыға» жол бермеу керек. Президенттің осы сөзінен кейін депутаттар арасында еңбек­қорлық бәсекелестігі пайда болатынына сенімдімін.

 

Самат НҰРТАЗА,

Мәжіліс депутаты