Теннис • 26 Сәуір, 2023

Алғашқы айналымнан қиналмай өтті

187 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Пиреней түбегінде теннистен «Мас­терс» санатындағы «WTA 1000» тур­нирі басталды. Мадридтегі додаға әлем­­нің ең үздік теннисшілерімен қатар еліміздің де мықтылары қаты­сып жатыр.

Алғашқы айналымнан қиналмай өтті

Жерлестерімізден бірінші болып турнир­дің шымылдығын әлемнің 51-ракеткасы Юлия Путинцева ашып берді. Отандасымыз Мадридтегі жарыстың бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте өзінен төрт саты төмен тұрған америкалық Клэр Льюмен өткізіп, екі сетке жалғасқан матчта 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Екі теннисші бұған дейін қаңтар айында Аустралияның Хобарт қаласында ұйымдастырылған турнирдің 1/16 финалында кездесіп, ол кезде де бәсеке Путин­цеваның айқын жеңісімен аяқталған – 6:2, 6:4.

Енді Юлия жүлде қоры 7,7 млн еуродан асатын турнирдің үшінші айналымына шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы франциялық Каролин Гарсиямен кездеседі. Теннисшілер кортта бір-бірімен екі рет кездесіп, екеуінде де жерлесіміздің мерейі үстем болған. Бір қызығы, Путинцева мен Гарсия соңғы рет 2014 жылы шеберлік байқасқан екен.

Өкінішке қарай, ерлер арасындағы бәсе­кенің іріктеуіне қатысқан Тимофей Скатов негізгі кезеңге шыға алмады. Ол италиялық Марко Чеккинатодан жеңіліп қалды – 6:3, 2:6, 3:6. Ал кеше Александр Бублик колумбиялық Даниэль Элахи Галанмен шеберлік байқасты.