Теннис • 27 Сәуір, 2023

Бублик те екінші айналымда

179 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Александр Бублик Мадридте өтіп жатқан «ATP 1000» санатындағы «Мастерс» турнирінің екінші айналымына шықты.

Бублик те екінші айналымда

Испаниядағы доданың алғашқы кез­десуін Қазақстанның бірінші, әлемнің 55-ракеткасы дүниежүзілік рейтингте 100-орында тұрған колумбиялық Даниэль Элаи Галанмен өткізіп, үш сетке жалғасқан тартысты матчта 2:1 есебімен жеңіске жетті. Кездесудің бірінші партиясы бір сағаттан астам уақытқа созылып, теннисшілер 12 геймнен кейін тең түсті – 6:6. Сөйтіп, ал­ғашқы кезеңнің мәселесі тай-бректе ше­шілді. Онда Бублик бесінші сетболын тиімді пайдаланып, бірінші партияны өз пайдасына жазды – 7:6 (17:15). Бұл – осы маусымдағы ең ұзаққа созылған тай-брейк болды.

Екінші сетте де теннисшілер сауатты ойнап, матч тағы да тай-брейкке дейін жал­ғасты. Бұл жолы колумбиялық спорт­шының бағы жанып, таразы басын теңес­тірді – 7:6 (7:4). Ал үшінші, шешуші партияда Бублик екі брейк жасап, жеңісті жұлып алды – 6:4. Енді отандасымыз бүгінге жос­парланған турнирдің екінші айналымында әлемнің 7-ракеткасы даниялық Хольгер Рунемен кездеседі.

Сондай-ақ кеше Елена Рыбакинаның екінші айналымдағы қарсыласы белгілі болды. Жерлесіміз бұл кезеңде ресейлік Анна Калинскаямен шеберлік байқасады.