Мектеп • 28 Сәуір, 2023

Таланттар тоғысқан қарашаңырақ

249 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тарихы тереңде жатқан білім ордаларының қатарына Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатын жатқызуға болады. Аты алысқа тараған оқу ордасының бүгінгі жағдайына қарап та көңіл тойғандай.

Таланттар тоғысқан қарашаңырақ

Мектеп-интернат 1948 жылдың қыр­­күйегінде құрылған. Қазақтың бұл­бұлы Күләш Байсейітованың есімін есте сақтау мақсатында білім ордасына 1957 жылы әйгілі әншінің есімі берілді. Талай таланттың томағасын сыпырған мектеп-интернатта қазір 480 оқушы білім алады. Заманауи материалдық-техникалық база отандық әрі шетел­дік ұжымдармен шығармашылық байла­ныс­тар орнатуға жол ашып отыр. Мәсе­лен, инновациялық компьютерлік тех­но­ло­гиялар гармония, сольфед­жио, музыка әдебиеті сияқты пәндерді оқыту кезінде қолданылады.

– 1996 жылы еліміздің түкпір-түк­піріндегі талантты балаларға жан-жақты білім мен тәрбиеге қажетті жағдай жасалып, кәсіби даярлығын одан әрі әлемнің үздік жоғары оқу орындарында жалғастыруға мүмкіндік беру үшін мектеп республикалық мәртебеге ие болды. Бұл ретте оқу ордасында басқа қаладан келген балаларға арналған 110 орындық интернат бар. Мұндағы жатын орындар мен бөлмелер тиісті талаптарға, санитарлық нормаларға сай жоғары эстетикалық деңгейде безендірілген. Тұрмысқа да жақсы жағдай жасалған, – дейді мекеме басшысы Бақтияр Әбдірашев.

вап

Оның айтуынша, мектептегі музыка пәндерінің білім диапазоны әртүрлі болып келеді, әрі оқушыларды кәсіби-әдістемелік қажеттіліктерін қамтама­сыз етеді. Мектептегі білім келесі арнайы мамандықтар бойынша жүргізіледі: арнайы фортепиано, ішекті аспаптар, үрмелі және ұрмалы аспаптар, халық аспаптары, музыка теориясы және композициясы, хорды дирижирлеу. Оқушылар­дың кәсіби дағдысын, орындаушылық және сахналық шеберліктерін дамыту үшін шығармашыл ұжымдар, яғни симфониялық, камералық, халық аспаптар, үрмелі, эстрада-симфониялық оркестр, хор, скрипкашылар, домбы­рашылар, виолончелистер, қобызшылар және қылқобызшылар ансамбльдері ұйым­дастырылған. Барлық бөлімде білік­ті мамандар еңбек етеді. Олар­дың қата­рында халық әртістері, еңбек сіңірген өнер қайраткерлері, Құр­манғазы атын­дағы Қазақ ұлттық кон­сер­ваториясының ­профессорлары мен доценттері, халықаралық және рес­пуб­ликалық конкурстардың лауреаттары, білім және мәдениет сала­сының үздік­тері бар. Ұжымда көп жылдан бері көпшілікке белгілі, музыка­лық қоғам­дастық мойындаған «Байсе­йітова мекте­бінің» дәстүрі, оқыту мен тәрбие­леудің бірізділігі қалыптасқан. Оқы­ту­шылардың 80 пайызы – мектептің түлектері.

– Ғалымдар дәлелдегендей, музыка­мен айналысқан адамдардың миында ерекше нейрондар пайда болып, ойлау қабілетіне оң әсер етеді. Сондықтан қа­таң таңдау мен сұрыптаудан өткен да­рын­ды балалар осындай арнайы маман­дан­дырылған мектепте оқып, тұлға бо­лып қалыптасатыны анық. Мұндай мек­­теп­те оқу – мақтаныш әрі үлкен жа­уап­­кершілік. Себебі оқушыларымыз екі мек­тепті қатар игеріп, ертеден кешке дейін оқу­дан бас алмайды. Сабаққа қа­ты­суы­мен қатар жеке дайындығы да өте көп уақытты алады. Сол себепті оқу ордасын толық аяқтаған түлектеріміздің бойында ұқыптылық, тұрақтылық және табандылық секілді жақсы қасиеттер мықтап орнығады. Керісінше жағдайда ондай тұлғадан жақсы орындаушы, музыкант шығуы екіталай, – дейді мектеп-интернаттың директоры.

Білім ордасы бүгінге дейін қилы-қилы кезеңдерді де бастан өткерді. «Қандай кезең болса да, мектебіміз әуелгі бағытынан ауытқымады. Осы орайда қиындықтарды еңсеріп, мектептің тұтастығын сақтаған, дамуына ерекше үлес қосқан бұрынғы директор Охан Абдуллаевтың еңбегін атап өткім келеді. Бүгінде мектебіміз биіктен түспей, кәсіби мамандарды даярлау ісін жалғастырып келеді. Түлектеріміздің елді айтпаған­да, шетелдің атақты оқу орындарына оқуға түсуі – біздің басты жетістігіміз­дің бірі. Олар театр, кино секілді салаларда жемісті еңбек етіп жүр. Айталық, Жәмила Серкебаева, Әли Оқапов, Айдос Сағатов, Карина Абдуллина секілді эстрада жұлдыздары біздің мектепте оқыған», деді ол.

 

Жаңабек ТОЙБАЗАРОВ,

журналист

 

АЛМАТЫ