Шахмат • 01 Мамыр, 2023

Чемпион тай-брейкте анықталады

197 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада өтіп жатқан классикалық шахматтан әлем чемпионаты өз мәресіне таяп қалды. «Алтын тәж» үшін таласып жатқан ресейлік Ян Непомнящий мен қытайлық Дин Лижэнь арасында жоспарланған барлық 14 партия аяқталып, негізгі кезеңде жеңімпаз анықталмады – 7:7. Жарыс ережесі бойынша, осы 14 турдың ішінде екі шахматшының бірі 7,5 ұпай жинап, әлемнің 17-ші шахматшысы атануға тиіс еді. Алайда негізгі кезеңде шахматшылардың күштері тең болды. Енді жеңімпаз тай-брейкте анықталады.

Чемпион тай-брейкте анықталады

Соңғы тур алдында екі гроссмейстерде де жеңіске жетуге тамаша мүмкіндік болды. Бірақ олар бұл мүмкіндікті пайдалана алмады. Шешуші бәсекеде ақ тастармен ойнап, белгілі бір дәрежеде басымдыққа ие болған қытайлық Дин Лижэнь ерте кезеңде шабуыл ұйымдастырамын деп опық жеп қала жаздады. Непомнящийді де сәтті ойнады деп айта алмаймыз. Ресейлік шахматшыда да қателіктер болды. Сөйтіп, жеті жарым сағатқа жалғасқан 14-партия 90 жүрістен кейін тең есеппен аяқталды. Мұның алдында шахматшылар алты сағаттан аса уақыт ойнап, чемпионаттың рекордын тіркеген болса, бұл жолы өз рекордтарын жаңартты.

Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында ойыншыларға чемпионат барысында қай партия ең қиын болды деген сұрақ қойылды. Непомнящий бұл сұрақтан барынша жалтарып, жалпылама барлық партия қиын болды деп қысқа жауап қайтарды. Ал Дин жетінші партияда қатты қиналғанын айтып, осы ойыннан кейін өзіне келуі қиын болғанын жасырмай, ағынан жарылды.

Кеше шахматшылар рапид және блицтен тай-брейк ойнады. Яғни бұл – 25 минут болатын, әр жүріске 10 секундтан берілетін 4 партия. Есеп ол кезде де тең болса, 5 минуттан әр жүріске 3 секунд берілетін 2 партияда жеңімпаз анықталады. Әрі қарайғы формат алғашқы жеңіске дейін (3+2) жалғасады.