Хоккей • 01 Мамыр, 2023

Жиырма жылдан кейінгі жетістік

305 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Францияның Анже қаласында ұйымдастырылған шайбалы хоккейден жасөспірімдер арасындағы бірінші А дивизионының әлем чемпионаты аяқталды. Байрақты додада өнер көрсеткен жерлестеріміз Қазақстан жанкүйерлерін қуантып, 20 жылдан кейін алғаш рет жаһандық доданың элиталы кезеңіне жолдама алды.

Жиырма жылдан кейінгі жетістік

Сергей Старыгин шә­кірт­тері чемпионаттағы соң­ғы, шешуші тур ойынын Франция құрамасымен өткізді. Мұзайдын иелері өз жанкүйерлерінің қол­дауы астында ойнаса да, жер­лестерімізге қарсы еш дәр­мен көрсете алмады. Нәти­жесінде, Қазақстан құрама­сы 6:1 есе­бімен жеңіске же­тіп, әлем чем­пио­натының жоғары тобына жолдама алды. Бұл ойында Қазақ­стан құрамасы сапынан Алек­сандр Мигунов, Никита Ситников, Бейбарыс Оразов, Дәулет Нүркенов және Егор Лев­ковец мергендігімен көз­ге түссе, мұзайдын иелерінен Оре­льен Серрес дәлдік танытты.

Осылайша, бес матчтың төртеуінде жеңіске жетіп, біреуінде қарсыластарына жол берген Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы турнир кестесінде 12 ұпаймен көш бастап, келесі жылы өтетін әлем чемпионатының элиталы кезеңінде бақ сынау мүмкіндігіне ие болды.

Чемпионат қорытын­ды­­­сы бойынша, Қазақстан құра­масының қақпашысы – Вла­димир Никитин бірінші­лік­тің үздік қақпашысы деп танылды. Ол үш матчта қақпасына бірде-бір шайба өткізбей, соққы қайтару бойынша да үздік шықты – 93,64%.