Саясат • 30 Сәуір, 2023

Бауырлас елдегі басқосу

213 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов Түркі мемлекеттері Пар­ламенттік Ассамблея­сы­ның ХІІ пленарлық оты­рысына қатысты.

Бауырлас елдегі басқосу

Ерлан Жақанұлы Анкарада Түркия Республикасы Ұлы Ұлт­тық жиналысының төрағасы Мұстафа Шентоппен бірге Қазақ­стан-Түркия достық сая­ба­­ғының салтанатты ашылу рә­сіміне қатысып, барша түрік халқын торқалы тоймен құт­тықтап, бақ-береке тіледі. Іс-шара Түр­­кия Республикасының 100 жыл­дығымен тұспа-тұс келіп отыр.

«Қазақстан мен Түркия ара­сындағы қарым-қатынас ке­ңейтілген стратегиялық ынты­мақтастық деңгейіне жетіп, бар­лық салада қарқынды дамып жатыр. Оған, әрине, мем­лекеттеріміздің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоғанның нә­ти­­желі келісімдерінің арқа­сында қол жеткізіп отырмыз. Ал­да­ғы уақытта да біз көшбас­шы­ла­рымыздың екіжақты ынты­мақ­тастықты күшейтуге бағыт­талған жұмысын Парламент деңгейінде жалғастыратын боламыз», деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикері саябақтың ашылуы түбі бір, мәдениеті мен тарихы ортақ тамырлас екі елдің достығы мен ынтымағын нығайта түсетінін атап өтті.

«Қазақта «Ағаш тамырымен, адам достарымен мық­ты» деген сөз бар. Біз Түр­кия­мен дос­­тығымызды, бауыр­лас­ты­ғы­мыз­ды жоғары бағалайм­ыз. Бо­ла­шақта бұл саябақ Анкара тұр­ғын­дары мен қонақтары үшін әсем демалыс орнына айналады деп сенеміз», деді Мәжіліс спи­кері.

Саябақ Анкараның көне тарихи орталығы – Мамак ауданында орналасқан. Ауданы 14 мың шаршы метр. Онда от­ба­сылық демалыс, жүгіру және дене шынықтырумен айна­лы­су үшін барлық жағдай жа­салған. Саябақта Күлтегін, Біл­ге қаған, Тоныкөк жазба ес­керткіштері орнатылған. Сон­дай-ақ қазақтың ұлы ақыны Абай Құ­нанбайұлының мен дана философ Әл-Фарабидің мүсіндері бар.

Бауырлас екі ел арасындағы достықты тереңдету жайы Пар­ламенттер спикер­лерінің екеуара кездесуінде де әңгімеге арқау болды. Ерлан Қо­шанов әуелі Түркияда болған жойқын жер сілкінісі барша қазақ халқының қабырғасын қайыстырғанына тоқталып, көңіл айтты. Сонымен бірге алдағы уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сырмасы­мен жер сілкінісі аума­ғында бір­­қатар әлеуметтік ғима­раттың құ­рылысы жоспарланып отырған атап өтті.

Мәжіліс төрағасы Қа­зақ­­стан­­ның Түркиямен пар­ламент­аралық ынтымақтас­тық­ты одан әрі нығайтуға мүдделі еке­нін айтты.

«Бүгінгі күнге дейін достық топтар мен парламенттік комитеттер деңгейіндегі ықпал­дас­тығымыз оң нәтиже көр­се­тіп келді. Сондықтан бұл қар­қы­ны­мызды бәсендетпей, бел­сен­ділік танытып, осы бағытта жұ­мысымызды жалғастыруымыз қажет. Бұл заңнама саласында жан-жақты тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Біз барлық бағытта белсенді қызмет етуге дайынбыз», деді Ерлан Қошанов.

Кездесу соңында тараптар Мәжіліс пен Ұлы Ұлттық жи­на­лысы арасындағы ынтымақ­тас­тық туралы хаттамаға қол қой­ды.

Сапар барысында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов тамырлас Түркия елінің астанасында өткен «Әділетті әлем үшін парламенттік дипломатия: энергетика, көші-қон, азық-түлік» тақырыбындағы Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассам­блеясының ХІІ пленарлық отырысына қатысты. Алдымен ұйымға мүше елдер Қазақстан, Әзер­байжан, Қырғызстан және Түркия Парламенті жетек­шілері ТүркПА Кеңесі оты­рысында бас қосты. Мәжі­ліс спикері Түр­кия тарапы­на қонақжайлық танытып, бүгінгі іс-шараны жоғары деңгейде ұйым­дас­тыр­ғаны үшін ризашылық білдірді.

Биыл Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясына 15 жыл толып отыр. Осы уа­қыт ішінде біраз шаруа атқа­рыл­­ды. Ассамблея әлеуеті мол бір­­лестік екенін дәлелдеп ке­ле­ді. Кеңес отырысында Ассам­блеяның жұмысын одан әрі жан­­дандыру үшін бірқатар ұйым­­дастырушылық мәселе тал­­қыланды. Жиында ұйымда төр­ағалық ету мәртебесі Қырғыз Пар­ламентінің төрағасынан Түр­­кия Парламенті басшысына салтанатты түрде тапсырылды. Сонан кейін ТүркПА-ға мү­ше елдер Парламенттерінің же­­­текшілері бірлестіктің ХІІ пле­­нарлық отырысына жиналды. Оған қонақ ретінде келген Түрікменстан Парламенті басшысы мен бақылаушы мәртебесіне ие Мажарстан Парламентінің өкілі қатысты. Ал Өзбекстан Олий Мажлисі Сенатының же­текшісі жиынға онлайн ре­жі­мінде қатысты. Тараптар түр­кі дүниесінің келешегіне қа­тыс­­ты маңызды мәселелерді ортаға салды. Мәжіліс төрағасы өзара сенім мен достыққа негіз­делген ынтымақтастықтың ар­қа­сында түркі халықтарының бір­лігі нығайып, дүниежүзілік қоғамдастықта беделі артып келе жатқанын атап өтті.

«Біздің мемлекет басшыларымыз түркі әлемінің дамуы жолында шексіз үлес қосып келеді. Осыдан бір жарым ай бұрын Анкарада Түркі мемлекеттері ұйы­мының кезектен тыс саммиті өтті. Онда көшбасшылар біздің бауырлас елдеріміз арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі ны­ғайтуға бағытталған маңызды ше­шімдер қабылдады. Осыған орай біз де өз тарапымыздан пар­ламентаралық іс-қимыл арқы­лы көшбасшыларымыздың қар­қы­нына ілесе білуіміз керек», деді Ерлан Қошанов.

Отырыс барысында күн тәр­тібіндегі энергетика, көші-қон және азық-түлік тақырыбы жан-жақты талқыланды. Бұл түр­кі мемлекеттері үшін өзекті мә­селеге айналып отыр. Өз ке­зе­­­гінде, Мәжіліс спикері Ер­лан Қошанов түркі кеңістігінде энер­­гетикалық және азық-түлік қа­уіпсіздігін күшейтуге баса назар аударды. Көші-қон саласында да ынтымақтастықты арт­­тыру қажет екенін айтты. Бұл мәселені жан-жақты тал­қылау үшін халықаралық ғы­лыми-тәжірибелік конференция ұйымдастыруды ұсынды. Ерлан Қошанов Қазақстан Түркі әлемінің қара шаңырағы ретінде түркі интеграциясының одан әрі дамуын қолдайтынын мәлімдеді.

«Биыл қазан айында Түркі мемлекеттері ұйымының 10-ме­рей­тойлық саммиті түркі әле­мінің алтын бесігі – киелі Түр­кістан шаһарында ұйым­дас­тырылып, төрағалық Қазақ­стан­ға өтеді. Осы тұрғыда барлық түркі бірлестіктерімен бірігіп, «Түркі әлемінің келешегі-2040» бағдарламасын іске асыру бо­йын­ша іс-шаралар жоспа­рын қа­былдауымыз қажет. Пар­ла­менттік Ассамблея ретінде оның орындалуын қадағалауға тиіс­піз», деді Мәжіліс спикері.

Спикер осы бастамалардың барлығын парламенттік дипломатия арқылы іске асыруға, түр­кі халықтарының бірлігі мен достығын одан әрі нығайтуға шақырды. Отырыс соңында тараптар Анкара декларациясын қабылдады. ТүркПА-ның келесі ХІІІ жиыны 2024 жылы Әзер­байжанда өтеді.