Спорт • 04 Мамыр, 2023

Қарағандылық үздік өрендер

161 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласындағы №9 Олим­пиада резервінің маман­дан­дырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде батуттағы гимнас­тикадан VI жазғы спартакиада өз мәресіне жетті. Жарыстың шешуші күнінде Қарағанды облысы жақсы нәтиже көрсетіп, жалпыкомандалық есепте көш басына шықты. Осыдан 4 жыл бұрын өткен V жазғы спартакиада­да кеншілер өңірінің гимнастары топ жарған еді.

Қарағандылық үздік өрендер

Спортты дамыту дирекциясының мәліметі бойынша алғаш болып акро­батикалық жолда командалық секіруден ерлер арасындағы бәсекеде жүл­­делер үлестірілді. Аса тартыс­ты өткен сайыс­та жеңімпаздар тек соңғы сәтте ғана анық­талды. Шешуші кезеңде үздік шығып, жалпы есепте 69,7 ұпай жи­наған СҚО спортшылары спартакиада жеңімпазы атанса, Шым­кент қаласы (65,8) мен Қара­ғанды облысы (64,4) үздік үштіктің қата­рынан көрінді.

Ерлер арасындағы командалық қос шағын трампта секіру жарысында Ба­тыс Қазақстан облысы қарсылас шақ кел­тірген жоқ. Олардың еншісінде – 74,9 ұпай. Одан кейінгі орындарға Шымкент қаласы (73,8 ұпай) мен Павлодар облысы (72,10 ұпай) тұрақтады. Жалпы, финалда 4 гимнасттан бақ сынады. Финалда ШҚО мен Жамбыл облыстары жүлдеге іліге алмады.

Осыдан кейін қос минитрампта қыздар командасы кім мықтыны анық­тады. Мұнда да чемпиондық атақ үшін тартыс шиеленіске толы болды. Үш гимнастың көрсеткішін қоса есептегенде Павлодар облысы (63,6 ұпай) алтын алса, Шымкент қаласы (63,4) күміс, Қа­ра­ғанды облысы (63,0) қола медальге ие болды.

Ал жарыс күні Олимпиада бағдар­ламасына кіретін батутта секіру са­йы­сымен аяқталды. Синхронды секіруде Қа­рағанды облысынан келген Сергей Лях пен Никита Тумаков жұбы жеңіске жетті. Данияр Түсіпов пен Сұңқар Саун Павлодар облысының команда­сына күміс жүлде сыйлады. Үздік үш­тікті Да­нил Му­сабаев пен Ерлан Тас­ма­ғамбетов (Қа­рағанды облысы) түйіндеді.

Әйелдер арасында Шымкент қаласы (Еңлік Тұрсын мен Перизат Ермек) жұбы ең көп ұпайға қол жеткізді. Вик­тория Бутолина мен Виктория Коно­валова дуэті (Павлодар облысы) күміс алса, тағы бір павлодарлық Алина Сар­сем­бае­ва мен Ангелина Глухова қоланы қа­нағат тұтты.

Ерлер арасындағы командалық есепте Қарағанды облысы (169,53 балл) көш ілгері кетсе, ШҚО мен Павлодар облыс­­тары қалған жүлдені өзара бөлісті. Әйел­дер бәсекесінде де Қарағанды облысы дес бермеді. Павлодар облысы мен Шым­кент қаласы орталықтан келген қарсы­лас­тарына есе жіберді.

Сөйтіп, жалпыкомандалық есепте Қарағанды облысы бұл жолы да топ жарды. Одан кейінгі сатыға Шымкент қаласы мен Павлодар облысы тұрақтады.