Университет • 10 Мамыр, 2023

Үздіктерге – Гейдар Әлиев стипендиясы

295 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау уни­верситетінде 2012 жылдан бері әзербайжан халқының тарихы мен мәдениетін зерттеу орталығы жұмыс істейді. Орталық бауырлас елдер арасындағы ынтымақтастық пен рухани байланысты тереңдету мақсатында ашылған.

Үздіктерге –  Гейдар Әлиев стипендиясы

Оқу орнының ректоры Саламат Идрисовтің айтуынша, сол жылдан бері университеттің үздік студенттеріне Әзербайжан Республикасының бірінші президенті Гейдар Әлиев атындағы халықаралық стипендия беріліп келеді. Биылғы халықаралық стипендияға оқуда және қоғамдық жұмыста белсенділігімен танылған бес студент ие болды. Олар – Жансезім Қуандықова, Ерлан Баймұханов, Геогорий Шапошников, Әсел Аюпова мен Санжар Темірболатов. Атыраулық студенттерге стипендияны тапсыру іс-шарасына Әзербайжан Республикасының Ақтау қаласындағы бас консулдығының басшысы Эльчин Мамедов пен мәдениет және білім жөніндегі кеңесші Илкин Оруджов қатысты.

– Жақында Әзербайжан Республикасының тәуелсіздігін нығайтып, экономикасын өркендетуге, бауырлас және өзге де мемлекеттермен әріптестік байланысын өрістетуге үлес қосқан Гейдар Әлиевтің туғанына 100 жыл толды. Осыған орай Атыраудағы университет студенттері арасында шығармашылық конкурс өтті. Оның қорытындысымен үздік студенттерге халықаралық стипендия беріліп отыр. Бұл – бауырлас елдер арасындағы берік байланыстың дәлелі, – дейді Эльчин Мамедов.

 

Атырау облысы