Пікір • 16 Мамыр, 2023

Ең бастысы – ел бірлігі

362 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты ХХХІІ сессиясында сөйлеген сөзінде: «Қазақстанның барлық азаматы мемлекетіміздің өткеніне, бүгініне және болашағына, ұлтымыздың рәміздеріне және оның мәдени өзегіне қатысы бар екенін сезінуі керек», деді.

Ең бастысы – ел бірлігі

Байыптап қарағанда, бұл сөзде үлкен мән-мағына жатыр. Өйткені қоғамдағы әр азамат, этностық топ өткен тарихын өзі өмір сүріп жатқан елдің тұтас тари­хының бір құрамдас бөлігі ретінде санағанда ғана өздерін халықтың бір мүшесі ретінде сезініп, бүгіні мен келешек тағдырын тәуелсіз Қазақстанмен байланыстыратыны анық. Бұл ретте, Ұлы далада ғұн, сақ дәуірі, Түркі қағанаттары, Алтын Орда, Қазақ хандығы сияқты тек түркі тектес ру-тайпаларды ғана емес, Еуразия құрлығындағы ұлттар мен этнос өкілдері мүшелерінің басын біріктірген, сол арқылы тарихи тағ­дыр талайы мен ортақ мәдениеті бар ел болып қалыптасқандығын ескеру керек. Мемлекет басшысы сессияда «Ассам­блеяның барлық негізгі жұмысы жергілікті жерде, яғни халық арасында жүргізілуге тиіс» деп, «томаға-тұйық тір­шілік ететін этникалық аудандар мен квар­талдардың пайда болуына жол бер­меу­ді» тапсырды. Осы мақсатта ел­дегі тұрып жатқан түрлі жекелеген эт­ностық топтардың өткенін Қа­зақ­­стан мем­лекетінің тарихымен тығыз байланыс­­тыра отырып, кешенді шаралар әзірлеу, жұмыс жоспарларын жасау, білікті тарихшы-мамандар тарапынан ғылыми жобалар ұйымдастыру аса маңызды.

Мемлекет басшысы айтқандай, бұл жұ­мыстардың барлығы ғылыми тұжы­рым­­дарға негізделуі қажет. Осы ретте айта кеткен жөн, 2018 жылы Президент Әкім­шілігі ішкі саясат бөлімінің мең­ге­ру­шісі Аида Балаеваның тапсырмасымен «Туған жер» және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы контексінде Алаш идеасы мен «Мәңгілік ел» құндылыктары: тарихи тәжірибесі, сабақтастығы және болашағы» атты бағдарламалық-нысанды қаржыландыру арқылы ғылыми жобаны іске асырған едік. Жобаның ғылыми нәти­желері: «Рухани жаңғыру: «Мәңгілік ел» құндылықтары және «Алаш идеясы» атты оқу-әдістемелік құралы мен хрестоматиясы әзірленді. Олардың электронды нұсқалары республиканың барлық облысының ішкі саясат басқармалары арқылы этно-мәдени бірлестіктерде қолданысқа енгізіліп, оң баға берілді.  Сессияда Мемлекет басшысы соңғы кездегі жанжалдар негізінен ауылдық жерде болатындығын, сондықтан шалғай ауылдардың тұрғындары арасында бел­сенді ақпараттық жұмыс жүргізу қажет­тігін, оның өзінде әсіресе, бір этнос өкілдері шоғырлана қоныстанған аудан­дар­ға тікелей қатысты екендігін атап өтті.

Аталған аудандардағы этностық топ­тар­дың өткен тарихын Қазақстан мем­ле­кеті тарихымен тығыз байланыс­тырып, насихаттау және оқыту тек этно-мәдени бірлестіктерде ғана емес, мектеп, гимназия, колледж қабырғасынан басталғаны маңызды. Өйткені этностық топтардың ел тағдырымен бір­тұтастығы туралы тарихи сана азаматтарда жас кезінен орнықтыру Әділетті Қазақстандағы ел бірлігі мен оның алға қарай дамуына өз үлесін қосады деген сенімдеміз.

 

Сатай СЫЗДЫҚОВ,

ҰҒА құрметті академигі