Тарих • 17 Мамыр, 2023

Тезекбай ақын

289 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Амандық ауылында Тезекбай ақынның көшесі бар екен. «Неге оған көше атауы берілген? Жалпы, Тезекбай деген кім, қай ғасырда ғұмыр кешкен?» – осындай сұрақтар туады. Әрине, өткенді білу, оның ішкі-сыртқы сыр-сипатына терең бойлау аса қажет дер едік.

Тезекбай ақын

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

 

Тезекбай ақын қазіргі Сол­түстік Қазақ­стан облысындағы Тайынша ауданына қарасты Амандық ауылының маңында дүниеге келген. Оны заманында сөзден бірде-бір қарсыласы жеңе алмаған деседі. Молданың алдын көрмесе де, шариғат жайында үтір-нүктесіне дейін білген. Содан болуы керек, «акум» атағы берілген. Біздіңше, «халық ақыны» деген сөз. Бұл кісі туралы деректердің көбі ел аузында сақталған. Бірге туған інісі Жарылғас ұрпақтары арқылы да бертінге жеткен.

Бірде Қызылжар қаласында Әлібай қажы­ның үйінде үлкен ас беріліп, сонда Орын­бай мен Тезекбай ақындар кездесіп, сөз қағыс­тырыпты:

«Шоқтыбай – менің әкем, атым – Тезек,

Қылыштай қызыл тілді жүрмін безеп.

Иншалла, жұмбағыңды мен шешемін,

Айтып көр хикаяңды кезек-кезек»,

дегенде

Орынбай:

«Орекең бұл сөзіңді бұрын білген,

Әкесі той, шешесі жиын көрген.

Тіл бәйгесін көріп жүрген жігіт болсаң,

Бар ма екен бір Құдайдың үйін көрген?»,

дейді.

Сонда Тезекбай:

«Мұса айтқан: Алла қайда үйің деген,

Пендеге мұны білу қиын деген.

Жүрегі кімнің адал, таза болса,

Алла айтқан осы менің үйім деген»,

дейді.

Сөйтіп Орынбай ақынның жұмбағын табан астында шешіп, батасын алыпты.

Бірде ауылының үстінен өтіп бара жатқан Жүсіп деген кісі Тезекеңнің: «Үйге түс», дегеніне қарамай кетіп қалады. Сонда ол:

«Жүсіпжан, кімге жолдас бұл дүние боқ,

Желкеге таяп тұр ғой ажалды оқ.

Үйге түс, асықпа, дәм татып кет,

Келгенше қайта айналып кім бар, кім жоқ»,

дейді.

Бірер күннен соң Жүсіп Тезекбай ақынның сөзін есіне алып үйіне соқса, о дүниелік болып кеткен екен.

 

Сәуле СЫЗДЫҚОВА,

зейнеткер

АСТАНА