Қоғам • 19 Мамыр, 2023

Абыройдың жолы жауапты

281 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Адам баласы жақсы ойлап, айналасындағы жандарға жақсы сөз айтып, жақын жандарға жақсылық тілеп жүретіндігі қандай ғанибет. Соның бәрі, түптеп келгенде, әдетіңізге айналады екен. Ал әдетіңіз – тағдырыңыз. Тағдырыңыз – өміріңіз екенін болжамдау, әрине, әркімге де қиындық тудырмасы анық.

Абыройдың жолы жауапты

Өмірін жақсылық пен ізгілікке арна­ған Батырбек Әбдірәсілұлы­­ның ұзақ жылдар бойы абырой биігінде атқарған басшылық қызметтер­дегі ерен еңбегі талайларға үлгі болар­лықтай-ақ. Жылдар белесінде, мемлекеттік басқару саласында­ қаншама игі жақсылармен сый­ластықта болғанымыз бар ғой, әрине. Дей тұрғанмен, сыйластығымыз шынайы достыққа ұласқан, тіпті отбасымызбен етене жақын араласып-құра­ла­сып дегендей, өзіне ғана тән көркем мінезімен көңілім­нің төрінен орын алған Батырбек Әбдірәсілұлының мен үшін жөні де, жолы да, орны да бөлек. Сонау ел егемендігінің елең-ала­ңында бірнеше жауапты қызметті сәтті атқарған Батырбек Әбдірәсілұлы, кейініректе өзінің кіндік қаны тамған киелі өлке – Талас ауданының әкімі қызметінде болған жылдары біршама биік белестерге жеткендігі көзі­­­­қарақты жерлестерінің жадында. Оған бертінде өзім де сол ауданды басқарған жылдары ел ағалары мен зиялы қауым өкілдерінің, ел ішіндегі қарапайым жерлестерінің де Батекең туралы жүрекжарды жылы лебіздерін, талай игі бастамалары­­ның сәтті болғанын, ұйымдастырушы­­лық және іскерлік қабілетінің арқа­сын­­да жерлестерінің лайықты қоше­ме­­тіне бөленгендігі жайында да сан мәрте естігенім бар. Батырбек Әбдірәсіл­ұлы кейініректе Байзақ және Жуалы аудандарына басшылық еткен жыл­да­ры өзіне тән ерекше ұлт­жан­ды­лы­ғының арқасында игі­­лікті іс­терге ұйытқы болып, аудан тұр­­­­­­­­­­ғ­ын­­­­­дарының алғысына бөленді.

Мемлекеттік қызметтегі өзіндік дара жолын сәтті аяқтап, зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін де Батырбек Әбді­рә­сіл­ұлы Тараз қалалық мәс­ли­хатының хат­шысы қызметін атқара жүріп, қала көлеміндегі атқарылып жатқан қыруар игілікті істің басы-қасында жүріп, билік пен қала тұр­ғындарының арасындағы алтын көпірдей көптеген бастамаға қол­дау білдіріп, бұл салада да өзінің аза­маттық парызына адалдығымен ел сенімін ақтай білді. Сондай сәт­тер­де өзінің өмірлік тәжірибесімен айна­ла­сын­дағыларға ақыл-кеңесін беруден де еш жалыққан емес.

«Туған жерге тағзым» деген киелі сөз­ қадірін дұрыс бағалай білген Құле­кеев әулеті ұрпағының бірі – Батырбек Әбді­рәсілұлының бастамасымен сонау бір жылдары өздерінің киелі меке­ні­ – Талапты ауылында ағайынды Құле­кеевтер атындағы спорт кешенін ашқа­ны бар. Мұны оның өсіп келе жат­қан жаңа жас буын өкілдеріне деген­ қам­қор­лығының бір бөлшегі десек болады. Жиыр­ма шақты жылдан бері облыстық дең­гейде өткізіліп тұратын дәстүрлі ауыл спорт ойындарының жарысы бү­гінде дәстүрге айналғанын облыс жұрт­шы­лығы жақсы біледі. Бұл игілікті іске мем­лекет және қоғам қайраткері, үшінші дәре­желі «Барыс» орденінің иегері Жақсы­бек Әбдірахметұлы мен ішкі істер саласының полковник шеніндегі ардагері, Тараз қаласының Құрметті азаматы Болат Әбдірәсілұлы бастаған басқа да бауырлары демеушілік жасап келеді.

Жалпы, Құлекеевтер ары ал­ғанда – елі­­мізге, бері алғанда Жам­был жеріне жақ­­сы танымал, өсіп-өнген, мен үшін өте қым­­бат әулеттердің бірі, осы Құле­­кеевтердің қай-қайсысымен де етене жақын араласып келемін. Солардың ішінде біздің Батекеңнің туған елге, ағайын-туысқа, дос-жарандарына, тіпті ұзақ жылдар бойы атқарған мемлекеттік басқару қызметіне де адалдығымен талайлардан дараланып жүретіндігіне сан мәрте тәнті болғаным бар. Оның даладай дарқан көңілі мен баладай періште пейілі сондай сәттерде ақжарқын жүзін одан сайын нұрландырып, өзіне тән адамгершілік асыл қасиеттерімен айналасына шуағын шашып жүретіндей әсер қалдырады-ақ. Сондай даналық, дара қасиеттері Батекеңнің ел алдындағы абыройын асқақтатып, мәртебесінің биіктей түсуіне ықпалын тигізетіні және бар.

Осы ойларымның айғағы іспетті екі жайды ғана есіме алып отырмын. Оның бірі – қызмет бабындағы абырой-беде­ліне, екіншісі өзінің қарапайым өмір­де­гі дарқандығы мен жомарттығына бай­­ланысты еді. Ел егемендігінің тари­хы­на «таңба» болып қалған өткен жыл­ғы­ қаңтар оқиғасы кезінде Батырбек Әбді­рә­сілұлы қалалық мәслихаттың хат­шысы әрі өңірдің абыройлы, таны­мал­ тұлғаларының бірі ретінде сол бір ал­ма­ғайып сәтте ел алдына шығып, жиыл­ғандарды сабыр мен бірлікке, елдік жо­лында ұлт болып ұйысуға шақыра біл­ге­ні­нің өзі оның қайсарлығын танытса керек.­ Бұл – Батекеңнің ұзақ жыл­ғы­ жауапты мемлекеттік қызметтер бары­сын­дағы жерлестерге үлгі боларлықтай ерен­ еңбегінің бір парасы ғана десек те болады.

Өткен жылы Республика күні мере­ке­сіне орай Президент Жар­лы­ғымен «Парасат» орденімен марапатталуы – қан­шама жылдар­ бары­сындағы туған елге адал атқар­ған еңбегінің өтемі екені анық. Ал енді Батекеңнің күнделікті өмір­дегі ұстанымы, кішіпейілдігі мен қонақ­жайлылығы – өз алдына бөлек әңгіме. «Атың барда жер таны, желіп жүріп, асың­ барда ел таны, беріп жүріп» дегендей,­ сый­ластыққа келгенде алыс-жақын қа­шық­тықпен санаспайтын, көңіл-пейілі де­ кең, қолы ашық мәрт жігіттің бірі осы­ Батырбек. Менің пайымдауым­ша,­ оның осындай адамгершілік қа­сиет­тері оның тектілігін аңғартса ке­рек. Сондай сәттерде Батекеңнің ақ­жар­қын көңілі мен қарапайымдылығы, ерек­ше бауырмалдығы отбасылық ақ дас­тарқанындағы үлкенді-кішілі мәр­те­белі меймандардың жанына нұр құй­ғандай әсер беретіндігін аңғару қиын­ға­ соқпайды. Өйткені ол ынтымағы жа­рас­қан алтын шаңырағының ақ дастар­қа­нында болатын әрбір мейманға барын­ша ілтипат көрсетіп, құрақ ұшып күте­тін­ді­гін­ талай рет аңғарғанымыз бар.

Қазақ халқының біртуар пер­зент­те­рі­ні­ң­­ бірегейі – Қадыр Мырза Әлі ағамыз ілге­­ріректе «Мен өмір бойы абыройға жұ­мыс істедім, енді абырой маған жұ­мыс іс­теуі керек» деген екен. Осы айт­қан­да­йын,­ Батырбек Әбдірәсілұлы жылдар бойы атқарған адал еңбегінің арқасында ел­ жұр­тының лайықты қошеметіне бө­ле­­ніп жүргендігін барша жерлестері жақ­сы­ біледі. Сол себепті де, Батекеңнің жыл­дар бойы жинаған абыройының енді­ өзіне жұмыс істейтіндігіне бек сенім­ді­мін.

 

Болат РЫСМЕНДИЕВ,

қоғам қайраткері

Жамбыл облысы