Денсаулық • 19 Мамыр, 2023

Қауіпті дерттен қорғана біліңіз

343 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тілге тиек етіп отырғанымыз – АИТВ/ЖИТС індеті. Қарапайым тілмен айтқанда, АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) жұқпасы ЖИТС-тің (жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы) басты себебі болып саналады. Ол АИТВ жұқтырған адамның қаны, шәуеті, қынап сұйықтары, ана сүті, дені сау адамға басқа да биологиялық сұйықтықтар арқылы берілуі мүмкін. Нашақорлардың ине мен шприцті бірнеше рет пайдалануы да АИТВ-ның есірткі қолданушылар арасында таралуына әкеліп соғады.

Қауіпті дерттен қорғана біліңіз

Соңғы мәліметтерге жүгін­сек, еліміз бойынша АИТВ/ЖИТС-тің тіркелу деңгейі тө­мен­демей тұр. Бұл, бірінші­ден, Астана қаласында жан-жақ­тан, соның ішінде әртүрлі жағ­дайлармен көрші елдерден бас­сауғалап келгендердің шо­­ғыр­­лануына, екіншіден, жа­стар­дың бейәдептілікке салынып, кездейсоқ жыныстық жанасу кезінде сақтық шараларын пайдаланбауына байла­нысты болып отыр.

Осыған орай Астана қала­сы бойынша АИТВ-ның жы­ныс­тық жолмен жұғу дең­гейі күрт артты, яғни 85 пайыз­ғ­а жетті. Соның ішінде гомо­сек­суалдық таралу өткен жыл­дың бірінші тоқсанындағы көр­сет­кішпен салыстырғанда 2 есеге өскен, яғни 26 пайызды құрайды. Қауіпті дертті жұқ­тырғандардың 66 пайызы – 20-39 жас, 33 пайызы – 40-49 жас аралығындағылар, 11 пайызы – 50-ден жоғары жастағы адамдар.

Дегенмен, елімізде АИТВ вирусының алдын алу, жұқ­паның өсу деңгейін төмендету мақсатында көптеген іс-шара­лар жүргізіліп жатыр. Медици­на ғылымы да емдеудің жаңа әдістерін іздеп қана қоймай, осы жұқпамен күресте жаңа тиімді дәрі-дәрмектер мен тұрмыс­та ың­ғайлы қолдану әдістерін ен­гізу үстінде.

Соңғы уақытта жұқпаны экс­­пресс-тест арқылы жылдам анық­­­тау пациенттер арасында өте қарапайым әдіс ретінде ке­ңінен қолданылып келеді, әрі тұр­ғындардың тексерілуге қы­зығушылығы арта түсті. Өйт­­кені, бұрынғыдай сынама нәти­жесін бірнеше күн тосудың қа­жеті болмай қалды.

 Осы тұрғыдан Астана қаласы АИТВ орталығындағы Достық кабинетінің қызметі тұрғындар арасында танымал, әрі қолайлы болып отыр. Әсіресе АИТВ инфекциясы жыныстық жұптың немесе отбасылық жұптың бі­реуінде анықталған болса, оның серігін жұқпадан сақтап қалу мүмкіндігі бар. Мұның өзі олар­дың өзара қарым-қатынастарын бұзбай, одан әрі жалғастыруға да септігін тигізеді. Нақтырақ айтсақ, вирус науқастың жы­ныстық серігіне жұқпас үшін белгілі мерзімге тегін дәрілік ем тағайындылады. Қолданылатын дәрілер мүшеқап қолданбаса да жұғу қаупін төмен­детеді. Соң­ғы кезде жүкті әйелдерді емха­налардағы әйелдер консуль­тациясына тіркеуге алған кезде міндетті түрде олардың жұ­байлары, немесе жыныстық серік­тері АИТВ инфекциясына тек­серіледі. Егер сол кезде сынама оң нәтиже көрсетсе, онда жүк­ті әйелге міндетті түрде тегін дәрі­лік ем тағайындалады. Бұл әдіс – ана мен сәбиді АИТВ-дан аман сақтау үшін таптырмас ем.

АИТВ күнделікті тұрмыста тамақ, су, ыдыс, төсек, жүзу, сү­йі­су, құшақтасу, амандасу, киім-кешек, моншаға түсу, жән­дік шағу, ортақ дәретхана арқы­лы жұқпайтынын айта кеткен жөн.

Ал кез келген жағдайда АИТВ-ға қатысты мәселе туын­даса, біздің мекеменің білікті ма­мандарының көмегімен ты­ғырықтан шығу мүмкіндігі бар. Ол үшін Астана қаласының ЖИТС орталығына хабарласып, тексеріліп, кеңес алыңыз:

Біздің мекенжайымыз: І.Есен­берлин көшесі, 5/1.

Сенім телефоны: 38-04-64 .

 

Жұмагүл СМАҒҰЛОВА,

Астана қаласы әкімдігінің

«АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы» МКҚК

эпидемиолог дәрігерінің көмекшісі