Хоккей • 22 Мамыр, 2023

Бір жеңіп, бір жеңілді

323 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Финляндияның Тампере және Латвияның Рига қалаларында өтіп жатқан шайбалы хоккейден әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасы екінші ойынында жеңіске жетті. Сөйтіп, жерлестеріміз келесі жылы да әлемнің ең мықты құрамаларымен бір топта өнер көр­сетіп, чемпиондық атаққа тағы бір мәрте таласып көруге ниетті екенін байқатты.

Бір жеңіп, бір жеңілді

Өткен демалыс күндері Ғалым Мәм­беталиев шәкірттері әлем чемпио­натының топтық кезеңдегі тағы екі ойынын өткізді. Алғаш «Рига Арена» мұз сарайындағы бәсекеде Словакия хоккейшілерін матч соңындағы буллит сериясында сүріндірсе, кейіннен мұзайдын иесі – Латвиядан жеңілді.

Словакиямен өткен кездесудің ал­ғашқы бөлігінде жерлестеріміз бірін­ші болып шайба өткізіп алғанымен, екінші кезеңінде қарсыластарының қақпасын үш мәрте дәл көздеді. Сло­вакия құрамасы сапынан 14-минутта Патрик Кох мергендік танытса, үзіліс­тен кейін отандық хоккейшілерден Роман Старченко (21-минут), Валерий Орехов (24) және Евгений Рымарев (25) қарсылас қақпасын дәл көздеп, таблодағы көрсеткішті 3:1-ге жеткізді.

Үшінші кезеңде жерлестеріміз қарқынын бәсеңдетіп алды. Соның салдарынан словакиялық хоккейшілер ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып, Андрей Шутов қорғаған қақпадан екі мәрте саңылау тауып кетті. 48-минутта Рихард Паник есеп айырмасын қыс­қартса, 56-минутта Павол Регенда таразы басын теңестірді. Осылайша, кез­десудің негізгі кезеңі 3:3 есебімен тең аяқталған соң, ойын овертаймға ұласты. Бірақ қосымша уақытта да жеңімпаз анықталған жоқ. Ал буллитте Қазақстан құрамасының бағы жанып, әлем чемпионатындағы екінші жеңісіне қол жеткізді. Мұның алдында жерлестеріміз Норвегия хоккейшілерін де дәл осындай есеппен буллитте тізе бүк­тірген еді.

Алтыншы турға жоспарланған жарыс қожайыны – Латвиямен өткен ойын­да жерлестеріміз қарсыластарына ірі есеппен жол берді – 7:0. Айдын иелерінен бұл кездесуде Рихард Букартс (16-минутта), Оскарс Батня (18), Мартиньш Дзиеркалс (22), Родриго Аболс (30 және 52-минутта), Микс Индрашис (40) және Каспарс Даугавиньш (50) мергендік танытып, жергілікті жанкүйерлерді шат­тыққа бөледі.

Әлем чемпионатының статистикасына көз жүгіртер болсақ, бұл – В тобында тіркелген екінші ірі есеп. Біріншіліктің алғашқы турында Швейцария құрамасы топтың аутсайдері Словения құрамасын дәл осындай есеппен жеңген болатын. Бұл жеңілістен кейін Қазақстан құрамасы біржола әлем чемпионатының плей-офф кезеңінен күдерін үзгенімен, жоғары дивизиондағы орнын сақтап қалуға тырысады.

Жерлестеріміз бүгінге жоспарланған топтық кезеңнің соңғы ойынында әзірге бірде-бір ойында жеңіске жетпеген Словения хоккейшілерімен кездеседі. Егер Словения Словакиядан жеңілсе немесе Қазақстан Словакиямен ойынында жеңіске жетсе, келесі жылы да элиталы кезеңде бақ сынау мүмкіндігін сақтап қалады.