Егемен Қазақстан • 29 Мамыр, 2023

«Хат қоржын»

338 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын»

Болашағы бар мамандық

Биылғы оқу жылы да аяқталып қалды. Орта мектеп бітірген талапкердің «Қай қалаға оқуға барамын, қай мамандықты таңдаймын?» деп он ойланып, тоғыз толғанатын шағы. Әрине, мамандық көп, алайда бүгінде ең қажетті мамандық орман шаруашылығы саласына қажетті мамандық десек, қателеспейміз.

Қазақстанның жері кең де орманы аз екені белгілі. Сондықтан болса керек, ата-бабаларымыз орманның қадірін жақсы білген. Оған: «Орман – жер сәулеті», «Даланың көркі – ағаш», «Арша – орман анасы», «Бір тал кессең, он тал ек», «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп жалғаса беретін өсиет-нақыл сөздер дәлел.

Өзіміз орман шаруашылығы саласының маманы болған соң, еліміздің бүгінгі орман қорының кейпін көріп, қатты қынжыламыз. Жасыл алқапты көбейтіп, оны қорғауды қолына алатын, еліне, жеріне жанашырлық танытатын орман шаруашылығы саласының мамандары жастар болса екен дейміз. Сондықтан талапкерлерді аталған мамандықты таңдауға шақырамыз.

Бұл ретте жастардың Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Орман шаруашылығы, жабайы табиғат және қоршаған орта» факультетінің «Орман ре­сурс­тары және орман шаруашылығы» мамандығы бойынша білім алуы аса маңызды деп білеміз.

Біздің мамандыққа оқуға түсу үшін қазақ тобына қалалық жерде аттестат алған оқушылардың сертификаттағы көрсеткіші 79 балл, ал ауылда мектеп бітіргендердің сертификаттағы көрсеткіші 74 балл болса, грантқа оқуға түсуге жеткілікті. Орыс тобына түсу үшін бұл көрсеткіштер қалалық аттестаты барларға – 74 балл, ал ауылдық аттестаты барларға – 70 балл.

Негізгі пәндер міндетті түрде: география мен биология. Оған қоса, математика, тарих және тіл пәндерінен тест емтиханы тапсырылады. Сертификаттағы баллдары бұл көрсеткіштен төмен талапкерлер оқуды өз қаржысы есебінен төлеп оқитыны түсінікті. Жақсы оқыған студенттерге бір жылдан соң грантқа ауысуға мүмкіндік бар екенін де атап айтқымыз келеді.

Грант бойынша оқуға түскен студенттер шәкіртақымен және жатақханамен қамтамасыз етіледі.

Талғат АБЖАНОВ, 

PhD

АСТАНА

 

 

Музей қызметіне ризамыз

Түркістан облысының Отырар ауданындағы қазіргі Шәмші ауылында атақты композиторға арналған музейдің ашылғанына екі жыл болыпты. «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқов туып-өскен ауылға оның есімінің берілуін заңдылық деп қабылдадық. Ал музей әнін барша жұрт сүйіп тыңдайтын сазгердің көзін көрген, оның өміріне қанық азаматтар естелігін есепке ала отырып салыныпты.

«Шәмші Қалдаяқовтың туып-өскен үйі қайта қалпына келтіріліп, музейге айналды. Ішінде өзі мен отбасына тиесілі жүзден аса дүние қойылған», дейді музейдің меңгерушісі Серік Олжатаев. Музей «Шәмші саябақтың» ішінде орналасқан екен. Облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, атамыздың 90 жылдығына орай ескерткіш орнатылыпты.

Музейден композитордың өзі қолданған бұйымдарын, әуен шығаруға жәрдемдескен музыкалық аспабы – мандолинасы секілді құнды жәдігерлерді қызыға тамашаладық. Композитордың басынан тастамай киіп жүретін қаракөл терісінен тігілген бас киімін музейге Шәмшінің туысы Абай Балажанов, ал баян музыкалық аспабын Шәмшінің інісі Қадыр Қалдаяқов табыс етіпті.

Жәдігерлерге қарап, Шәмшінің әкесі Әнапияның зергер заттар ұстасы болғанын білдік. Аяғында үлкен қалы болғандықтан, ел «Қалдаяқ» деп атап кеткен ол бала кезінде оңтүстікке аты мәшһүр Шәді ақыннан оқып, білім алса керек.

Шәмші мұрасын күтіп-ұстау үшін мекемеде облыстық музейдің филиалы ретінде арнайы 2 маман жұмыс істейді. Келген туристер мен қонақтарға айтарлықтай жоғары деңгейде қызмет көрсетіледі. Сондай-ақ Шәмші саябағына күтім жасау үшін жергілікті жұмыспен қамту орталығынан бірнеше жұмысшы бөлініпті.

 Әр қазақтың жүрегінен берік орын алған Шәмші әндері әлі талай ұрпақты рухани сусындататыны сөзсіз.

 

Руслан ХАМЗА,

журналист

АТЫРАУ – ОТЫРАР – АТЫРАУ

 

 

Әр ата-ана оқитын еңбек

Жақында Серік Әбдірайымұлының «Махаббат пен мансап» атты кітабы қолыма түсті. Ғашықтар туралы оқымағалы біраз болды деп іштей мәзбін. Алайда кітап түрлі шетел авторларының «ең, ең» деген әңгімелерінің аудармасы екен.

Шетел авторларының әңгімелерін неліктен мақтады дейтін шы­ғарсыз. Серік Әбдірайымұлының түрік жазушысы Әзиз Несиннен аударған «Күлесің бе, жылайсың ба?» атты әңгімесі бірден көзіме түсіп, оқып шықтым. Әңгімедегі оқиға ата-аналар жиналысындағы олардың шағымдарымен өрбиді. Ал сіз ата-ана ретінде жиналысқа барсаңыз, қандай мәселе көтеріп, ұстаздармен не жайында ақылдасар едіңіз?

Отбасындағы ұрыс-керіс баланың психикасына қатты әсер ететіні белгілі. Бала үшін ата-ана мейірімі – бір-бірін алмастыра алмайтын үлкен махаббат. Өкінішке қарай, көп отбасыларында баламен сөйлесудің соңы ұрысқа айналып кетеді. Меніңше, қаталдық пен түсіністік тең жүруге тиіс. Өзгелердің де осылай ойлайтыны күмәнсіз.

Кітаптағы әңгімелерде болашақ өмірде кәдеге жаратарлық біраз тұжырым бар екен. Ал осындай керек дүниені бізге аударып жеткізген  марқұм жазушы Серік Әбдірайымұлына рахметтен басқа айтарымыз жоқ. Әдебиет әлемінде әңгіме деген өте көп қой, бірақ өскелең ұрпақ үшін айтары бар әңгімелерді аударып, кітап етіп шығару – ғибратты іс. Болашақта ата-ана да болатынымызды ескерсек, тағылымы мол, берері көп осы аударма кітапты әр ата-анамен қатар, жас буын өкілдері де оқығаны абзал.

 

Аяулым ҚОРҒАНБАЙ,

Әл-Фараби атындағы

ҚазҰУ 3-курс студенті

 

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024