Әдебиет • 13 Маусым, 2023

Оқырман ойы: «Қасқыр ұлыған түнде»

446 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кейде кітап мүлде бөлек әлем секілді, кейде өмірдің дәл көшірмесі сияқты. Мына әлемде кітаптан көп нәрсе жоқ шығар. Кітаптан түйер ой да көп. Бір кітапты оқып болған соң автор мен оқушының ойынан тағы бір жаңа ой туады. Оралхан Бөкейдің «Қасқыр ұлыған түнде» туындысын оқыған оқырмандардың ойын ұсынамыз. Оқырманның ойы сізге де ой салар. Ал егер шығарманы оқымаған болсаңыз, оқуға ынтаңызды оятар.

Оқырман ойы: «Қасқыр ұлыған түнде»

Бұл кітапты алғаш оқыған адам жігіт пен қыздың мөлт еткен сезімі мен өкінішін ғана сезінуі мүмкін. Асылында, әсте олай емес. Бұл шығармада күллі дүниені бір-ақ ауыз сөзбен бүктей салатын алпауыт ой жатыр. «Қасқыр ұлыған түнде» - қыз баланың қылдан нәзік тағдыры, қорғансыздың қорқынышы, өксігі мол өкініш. Күллі бұлақ, дариялардың бір мұхабқа тоғысатыны секілді Оралхан Бөкей адамзаттың алып проблемасын бір ғана кітапқа жасырғанына таңданасың, таңғаласың...

Абзал Мақаш, Қарағанды

 

 

Қорыта айтатын болсақ, өмірде не күтіп тұрғанын ешкім білмейді. Бірақ бәрі өзімізге байланысты, яғни соңғы шешімді біз өзіміз қабылдаймыз. Өмір жолымызды өзіміз таңдаймыз. Өмір жолында бізге түрлі мүмкіндік беріледі және сол мүмкіндікті ешкімнің ойына қарамай пайдалануымыз, жоғалтып алмауымыз керек.

 

 

 

 

Ақмарал Жарбосимова, Астана

Шығарма шағын болса да өмірдегі бар шындықты, қоғамдағы барша көріністі алдымызға жайып салғандай. Сүреңсіз қоғам мен қорғансыз адам жаны. Үміт пен қатыгездіктің айқасы. Бұл шығармадан түсінгенім, пенде өмірінде не болмасын үміті үзілмейді екен. Бұған дәлел - Арайдың жаққан шырпысы мен қасқырмен қар үстіндегі айқасы.

Нұрдина Амангелді, Астана

Оралхан Бөкей «Қасқыр ұлыған түнде» әңгімесі арқылы қоғамның небір мәселелерін қозғай отырып, барлығына да тек өзіміз бастаушы да, арбаушы да бола алатынымызды жеткізді. Барлық жарқыраған кереметке қол созып алғымыз келеді. Бірақ оның көлеңкесінде жатқандардың тағдыры не болмақ?! 1. Қоғамда өмір сүрген соң, әрбір жайтқа әрқайсымыздың қатысымыз бар, бірақ таңдау өз еркіңде. 2. Сұлулықты көруге сұлу жан керек. 3. Мені мен менікінің айырылған өлді деп ат қойыпты өңкей білмес. (Абай)

Айдана Серікбай, Тараз

Белгілі бір проблемаға тек бір адам немесе бір зат кінәлі болмайды. Оған түгел қоғам, жүйе, оның айналасындағы адамдар кінәлі. Бір шетте кінәсіз адам қалып қоймайды. Өйткені қоғамдағы бір адамға жасалған әділетсіздік - тұтас қоғамға жасалған әділетсіздік.

Салтанат Шерхан, Астана

Қоғамда болып жатқан түрлі жағдайлар екінші мәрте қайталанбас үшін әр адам өзінен бастауы керек. Себебі «адамның күні адаммен». Біз дұрыс болсақ, қоғам дұрыс болады. Өз бағымтымызды дұрыстау арқылы ізгі қоғамды қалыптастырамыз.

Томирис Қайсарова, Астана