Қоғам • 16 Маусым, 2023

ҰБТ-ның аралық қорытындысы жарияланды

288 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сәйкес, негізгі ҰБТ басталғаннан бері 169 мың реттен астам тест тапсырылған. Оның ішінде талапкерлердің 74 пайызы қазақ тілінде, 26 пайызы орыс тілінде, 0,1 пайыз ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

ҰБТ-ның аралық қорытындысы жарияланды

ҰБТ басталғалы бері шекті балды 77 пайыздан астам талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 69 балды құрады. Ең жоғары балл – 137, оны еліміз бойынша үш талапкер жинаған.

«ҰБТ-ның төртінші аптасы аяқталды. Талапкерлер тестілеудің екінші мүмкіндігін қолданып жатыр. Осы аптада біз IELTS және TOEFL халықаралық сертификаттарын «Ағылшын тілі» бойынша ҰБТ балдарына ауыстыру шкаласын жарияладық. Сондай-ақ SAT, ACT, IB, A-Level стандартталған тест балдары бекітілді. Осы сертификат иегерлеріне нәтижелерін ҰБТ балына конвертациялауға мүмкіндік береді», деп атап өтті ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.

Айта кетейік, ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға төрт аптаның ішінде 486 талапкер қатысты.

Бүгінгі таңда 229 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 175 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.

Министрліктің мәліметінше, 2023 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.