Елорда • 16 Маусым, 2023

Елордада мұрағаттық фотосуреттер көрмесі ашылды

218 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астананың мемлекеттік мұрағатында елорданың 25 жылдығына орай «Шаһар шежіресі» мұрағаттық фото көрмесі ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада мұрағаттық фотосуреттер көрмесі ашылды

Көрме Астана Мемлекеттік мұрағатының мұрағаттық құжаттарынан, Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мен дыбыс жазбаларының мұрағатынан, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан және ҚР Тұңғыш Президенті кітапханасынан тұрады.

«Өздеріңіз білетіндей, жаңа Астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылы 10 маусымда өтті. Осыған байланысты 10 маусым мен 4 шілде аралығында қаламыздың фотосурет көрмесін өткіземіз. Бұл фото түрлі тарихи қорлардан, ҚР Ұлттық мұражайынан, сондай-ақ ең көне өңірлік газеттердің мұрағатынан алынған»,  деді Астана мемлекеттік мұрағатының ғылыми-зерттеу жұмысы қызметінің жетекшісі Ғазиза Исахан.

Экспозицияда Астананың маңында орналасқан ортағасырлық Бозоқ қалашығынан бастап елорда шежіресі ұсынылған.

Сондай-ақ революцияға дейінгі кезеңдегі қаланың көрінісін көруге болады. Онда алғашқы көпестер үйі, ғимараттар, қала көшелері бейнеленген. Келесі кезең – ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басы, ол Ақмола округінің негізгі сауда орталығы ретінде қала болып қалыптасуына келеді.

Астананы Алматыдан сол кездегі Ақмолаға көшіру кезеңін қамтитын мұрағаттық фотосуреттер де ұсынылған.

Көрме 4 шілдеге дейін «Астана қаласының мемлекеттік мұрағаты» ММ Қалдаяқов көшесі, 13 мекенжайы бойынша өтеді.