Мәдениет • 16 Маусым, 2023

Айсұлтан Сейітов Шанхай халықаралық кинофестивалінде үздік режиссер атанды

303 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандық режиссер Айсұлтан Сейітов «ҚАШ» дебюттік фильмі үшін ХХV Шанхай халықаралық кинофестивалінде «Үздік режиссер» номинациясын жеңіп алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Айсұлтан Сейітов Шанхай халықаралық кинофестивалінде үздік режиссер атанды

Жүлде статуэткасы мен фестивальдегі суреттерін Айсұлтан Сейітов желідегі парақшасында жариялады.

Кинофестиваль бағдарламасына фильмді Айсұлтан Сейітов, «Qara Studios» бас продюсері Еркебұлан Күрішбаев пен сценарий авторы Абылай Нұрманбетов ұсынды. Картина шорт-листке еніп, «Asian New Talent» санаты бойынша үш номинацияға іліккен еді:

Best Film – Aisultan Seitov

Best Director – Aisultan Seitov

Best Script Writer – Ablay Nurmanbetov

«ҚАШ» 1931-1933 жылдардағы қазақ даласындағы жаппай ашаршылық қасіретін екі ағайындының басынан өткен оқиға арқылы баяндайды. Фильмнің түсірілімі 2020 жылы басталса, 2022 жылы туынды Қазақстанға кеңінен тарады. Көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, қазақстандық сыншылар тарапынан да бірқатар марапатқа ие болды. Жақында әлемдік прокатқа жіберіледі.

Шанхай кинофестивалі – кең халықаралық бағдарламасымен әйгілі Қытайдың ең ірі кинофестивалі және әлемдегі ең беделді байқаулардың бірі. Шара 18 маусымға дейін жалғасады.