Елорда • 21 Маусым, 2023

Астанада FILARMONIA FEST-2023 өтеді

255 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елорданың 25 жылдығын мерекелеу аясында Астана әкімдігі мен Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармония FILARMONIA FEST-2023 фестивалін ұйымдастырады. Іс-шара 24 маусым күні өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Астанада FILARMONIA FEST-2023 өтеді

FILARMONIA FEST-2023 жобасы Қазақстанның музыка мәдениетін танымал ету, отандық өнердің гуманистік және рухани бағдары арқылы халықтың әртүрлі топтарын тәрбиелеу және көркем шығармашылыққа баулу мақсатында өткізіледі. Ауқымды музыка мерекесі қоғамда мерекелік атмосфера мен жағымды көңіл-күй қалыптастыруға, филармонияның шығармашылық ұжымдарының туындыларын танымал етіп, жеке брендті қалыптастыруға, отбасылық құндылықтарды дамытуға, өскелең ұрпақтың адамгершілік және көркемдік бағдарларын қалыптастыру үшін бағытталған.

Жобаға филармонияның шығармашылық ұжымдары мен солистері, нақтырақ айтқанда 500-ге жуық әртіс қатысады. Балалардың шығармашылық және білім беру студияларымен, цирк әртістерімен ынтымақтастық жоспарланып отыр.

24 маусым күні сағат 11.00-ден 21.30-ға дейін Кенесары көшесі, 32 мекенжайындағы филармония ғимаратының алдындағы алаңнан Есіл өзенінің жағалауына дейін түрлі іс-шаралар өтеді:

  • 11.00-ден 13.00-ге дейін «Музыка балалар көзімен» балалар сурет байқауы. «Бормен сурет салу», «Мүсін», «Композиция» атты үш номинацияда үздік жұмыстарды таңдау және марапаттау;
  • 13.00-ден 15.00-ге дейін «Сарыарқа» халық музыкасы ансамблінің және Үрлемелі оркестрдің «Музыкалық аспаптар әлеміне саяхат» атты жас музыканттарға арналған шеберлік сағаттары өтеді, онда балалар музыканың қыр-сырын біліп қана қоймай, музыкалық аспаптардың құрылысымен танысады.
  • филармония ұжымдарының қатысуымен Есіл өзенінің жағасында және елордалық Арбат бойында филармония шеруі өтеді. Ауқымды музыкалық шеруге «Сарыарқа» халық музыкасы ансамблі, «Қорқыт» дәстүрлі саз тобы, «Шалқыма» халық би ансамблі, «Alem» заманауи би балеті, Камералық хор, Үрлемелі оркестр, Эстрадалық вокал бөлімінің әртістері қатысады. Шеру 18.30-да Есіл жағалауында басталып, 19.30-да филармония алаңында аяқталады.
  • 18.30-дан 19.30-ға дейін Қазақ оркестрі мен Халық әні бөлімінің дәстүрлі әншілері әкімдік алдындағы амфитеатрда өнер көрсетуі;
  • 18.30-дан 19.00-ға дейін Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартетінің орталық кіреберістегі концерттік алаңда өнер көрсетуі;
  • 19.30-да филармония алаңында филармонияның барлық ұжымдарының қатысуымен елорданың 25 жылдығына арналған 25 санын флешмобпен ұйымдастыру;
  • «Филармония – елорданың музыкалық магниті» эссе байқауының қорытындысын шығару;
  • 19.30-дан 21.30-ға дейін Симфониялық оркестр және барлық ұжымдардың қатысуымен филармонияның Гала-концерті жоспарланып отыр.