Қоғам • 22 Маусым, 2023

Этнолагерь елдік жобаға айналса...

371 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Оқушылардың биылғы жазғы демалысын түпқарағандық ұстаздар тағы да ерекше ұйымдастырып, әрі демалыс, әрі руханиятқа жанашыр бола алды. Қалай дейсіз бе? Жақсылықты жалаң сөздермен баяндағаннан гөрі, әріден бастап, тереңірек талдаумен жеткізбекпіз.

Этнолагерь елдік жобаға айналса...

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Халқымыздың ешкімнен ұялмайтын тарихы мен мәдениеті, руханияты, салт-дәстүр, ырым-тыйымы бар. Бірақ өзгелер­дің жылтырағын заманауи санап, өз тұма­мызға түкіріп, өз құнарымыздан жеритін түсініксіз жағдайларды көрудей-ақ көріп жүрміз. Тұрмыстық қажеттілікке байланысты қой қырқып, түйе күзеу, жүнді тазалап түту, иіру, ширату, бау, басқұр, алаша, сырмақ тоқып, киіз, текемет, талдырма басу, түр ойып, ою салу, бабымен ши аршып ақ немесе ораулы шилер тоқу, жұмыртқадай жұтынтып киіз үйді жабдықтау, қақпан, құрық, бекіту, тұсау, ноқта, жүген, қамшы жасау, бірнеше өрім дойыр өру, ұлттық тағамдарды дайындау күні кешеге дейін күнелтістің негізгі тірегі болды. Қаласаң да, қаламасаң да тірлігің осы қажеттіліктерге тірелген соң өзің үшін жасайтын міндет еді. Бү­гінде біздің нарықты жаулауды мақсат еткен шетелдердің сапалы-сапасыз, арзанды-қымбат аста-төк тауарларын тұншыға тұтынып, ұлттық өнімдер мен бұйымдардан, қазақы құндылықтардан арамыз алшақтап барады. Түйе сауып, құрт қайнатып, құрақ құрап, асау жуасытып, құрық салып өскен соңғы буынның жасы шамамен елуге жақындады. Ал тәуелсіздік алған соң өмірге келгендер қазақы тұрмыстың шет жағасын көрді десек, бүгінгі ұрпақ, әсіресе қала мен қала маңындағы ауыл балалары ұлттық жауһарларды кинолар мен көрмелерден көріп жүр. Ұлттық өнеріміз, ұлттық бұйым­­дарымыз Наурыз секілді белгілі бір ме­рекелердің атрибуттарына айналып, іс-шаралардың, сайыстардың шеңберінде қолданыс аясы тарылып барады. Осы орайда Түпқараған ауданындағы бірқатар мектептің бастамасы көңіл қуантады және бұл – ұлттық құндылықты жас ұрпаққа насихаттаудың соны жолы! Өткен жылы оқу маусымы аяқталған соң Түпқараған ауданында Ақшұқыр мектеп-лицейі мен Ғ.Айдаров атындағы орта мектеп жеке-жеке ұйымдастырған этнолагерьлерге ырза болған жұртшылықтың ақ тілектерін жаудырғанын естіген едім. Түпқарағандық ұстаздар тарапынан жақсы іс, халық тарапынан ақжарма тілектер биыл да жалғасын тапты.

Маңғыстау тарихының Түпқараған топырағынан тыс өрбитін тұсы кемшін, баба жолына адал киелі топырақ түлектері, әсіресе ұстаздар қауымы ұлт болашағына, мем­лекет тұтастығына бір кірпіш болып қалану үшін ізденіспен, жаңашылдықпен жұмыс істеп келеді. Бірте-бірте тарының қауызындай көлемге қусырып, адамзатты ортақ мәдениетке тоғыстыратын жаһанданудың иіріміне жұтылып бара жатқан сәтте «ұлттық болмысты қалай сақтаймыз, асыл жәдігерлерімізді келешекке қалай табыстаймыз?» деген жан ауыртар аса маңызды сұрақтың жауабын түпқарағандық ұстаздар тапты деп ойлаймын. Өткен жылы қазақылықтың қайнар бұлағына қанып өскен тәжірибелі ұстаздар, мектептің іскер басшылары – Ақшұқыр мектеп-лицейінің директоры Қ.Қалиева мен Ғ.Айдаров атындағы мектеп директоры Б.Себепбаева бастаған қос ұжым оқушылар үшін этнолагерь ұйымдастырған болатын. Қазақы ауылға айналып сала берген ортаға балалардың да, ата-аналардың да қызығушылығы өте жоғары болды. Тіпті жұмыла жұрт қуанды, ақпарат құралдары жарыса жазып, жаңалықты талмай таратты. Жақсы бастаманы қолдаушылар қатары артып келеді. Биыл Түпқараған ауданындағы этнолагерьді ұйымдастырушы мектеп­тер қатарына Таушық ауылындағы Шах­та орта мек­тебі қосылса, сондай-ақ Атырау обл­ысы ұстаздары қызығушылық танытқан.

Этнолагерь жұмысы қалай іске асып, қалай жүргізіліп жатыр? Сайын ауы­лындағы Ғ.Айдаров атындағы орта мектеп аясында ұйымдастырылған «Қазына» этнолагері жұмысына аз-кем шолу жасап көрелік. Лагерьге 2-7 сынып аралығындағы аз қамтылған отбасы балалары мен үз­діктер, олимпиада жүлдегерлері шақы­рылған. 7 топқа бөлінген 160 бала күнді таңғы жаттығудан соң Қаражорға биімен бастайды. Небәрі он күн ішінде оқушылардың әр өнердің басын бір шалып, соңында ештеңе де меңгере алмай шығуын болдырмау үшін «Бір топ – бір үйірме» бағыты таңдалған, яғни оқушы он күн бойы бір үйірмеге қатысып, өзі қызыққан істі немесе өнерді толық үйренбесе де әліппесін меңгеріп, таным іргетасын қалыптастырып шығады. Ер балалар үшін гипспен, қышпен жұ­мыс жасауды үйрететін «Мәрмар» үйір­месі, қолданыстан шығарылған парта, үстелдерді кәдеге жаратып, киі­міл­гіш, ма­кеттер жасауға баулитын «Эко-әлем» үйірмесі, қыз балалар үшін жүннен бұйым­дар дайындауға үйрететін «Сыр­мақ», құрақ құрап, ши орауды үйре­тетін «Шиқұрақ», моншақпен жұмыс істеу­ді үйренемін деушілер үшін «Алтын оймақ», ұлттық тағамдар дайындауды үйре­нушілерге «Балқаймақ» үйірмелері, сондай-ақ ұлттық спорттық ойын түрлеріне баулитын «Алшы», қисса-дастан жаттап, бата үйренемін деген ер балаларға «Жәдігер» үйірмесі, домбыра үйренуге қызыққан оқушыларды «Назқоңыр» үйірмесі он күн баулиды. Оқушылардың қызығушылығы сондай бірде-бір оқушы лагерьден қалмай аса ынтызарлықпен қатысып келеді. Өткізілген әрбір іс-шараға мән беріп, үйретілген әрбір өнер мен істі құлышыныспен қабылдаған. Оған дәлел – он күн ішінде бұрын домбыра ұстап көрмеген жеткіншектердің аспапты тартып үйренуі, «Бес ине» үйірмесіне қатысушы қыздардың алғашқы қолөнер бұйымдарын тоқып шығарып, жәрмеңкеде сатуы. 

«Қазіргі кезде аудандағы 11 мектептің 1-10 сыныптарында 8776 оқушы білім алады және 2023 жылы 73 пайызы жазғы сауықтырумен қамтылатын болады. Жазғы сауықтыруға әлеуметтік топтағы отбасылардың балалары бірінші кезекте қамтылады. Сонымен қатар 2017 жыл­дан басталған «Жас сарбаз» әскери-патриоттық бағытындағы лагерьде 8-10 сыныптардың 50-ге жуық оқушысы демалып, кәсіби бағдар алатын болады. Жазғы демалыстардың екінші бағыты бойынша 2820 оқушының жазғы демалыс­тар кезіндегі уақытын тиімді пайдалану үшін еңбек, танымдық шығармашылық, спорттық, туристік шаралармен қамтимыз. Сондай-ақ Маңғыстау облыстық білім басқармасының 2023 жылғы іс-шаралар жоспарына сәйкес жазғы оқу демалысы кезінде балалардың сауықтыру демалысын және бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында 10-22 шілде аралығында білім алушылардың маусымдық 3 күндік туристік шатырлы лагері Форт-Шевченко қаласының теңіз жағажайында өткізілді. 4 кезеңнен тұратын лагерьде 12-15 жас аралығындағы 360 оқушы, оның ішінде Түпқараған ауданы бойынша 45 оқушы демала алды»,  дейді Түпқараған аудандық білім бөлімінің басшысы А.Өтесбаева.

Оның айтуынша, екі жылдан бері елді сүйсінтіп келе жатқан этнолагерь­лер – оқушылар ғана емес, жалпы жұртшылық үшін тартымды бастама. Оқушылардың ерекше қызығушылығы мен құлшынысына, оларға қажетті демалысты ұйымдастыра алғанына ұстаздар қуанышты, ал мен өз жұмысының жемі­сін көріп марқайған ұстаздар үшін қуан­дым. Әр баланың бойында ұлттық тек бар, осы текті ұлттық руханиятпен шө­ліркетпей нәрлендіріп отырса, ұрпақ құнар­лы қалыптасатыны анық. Ал ұлт­тық болмысынан ажыратылған ұлт – жар­тыкеш, ұрпақ – дүбәра. Осы тұр­ғыдан келгенде Түпқараған ауданында басталған этнолагерьлер – мемлекеттік деңгейде қолдап, көкжиегін кеңейтуге сұранып тұрған бастама. Бұған дейін қалыптасқан, таптаурын лагерьлік жүйеге тың жаңашылдық енгізіп, ұлттық болмыс­ты тану тұрығысында ұйымдастырылған лагерьлерді бабадан қалған мұраларды келешек ұрпаққа жалғаудың алтын көпірі, идеологиялық және әдістемелік жаңа нұсқа деуге толық негіз бар. Әдетте балаларды «ғаламторға шырмалды» деп кінәлаймыз, мүмкін біз олардың жансусарын тауып бере алмай жүрген болармыз? Қазақы болмысты бойына сіңіру­дің заманауи жолын таба алмай жүр­ген жоқпыз ба? Осы олқылықтардың орнын эт­нолагерьлер толтырады деп ойлай­мын. Ұлтының жәдігерлерінен жатырқап жүрген жеткіншектер жоқ, Абай айтқандай, «көрсем, білсем, үйренсем» деп құлшынып-ақ тұр. Ендеше, ендігі нық қадам аға буын тарапынан болуы керек.

Этнолагерьлерді журналистік зерделеу нәтижесінде ұрпақтың баба мұраға іңкәрлігін танып қуанумен бірге, «әттеген-ай» дегізген тұстар да болмай қалмады. Ол – лагерь уақытының қысқалығы, өлке­нің бірқатар тарихи-танымдық орындарына саяхаттар жасау үшін арнайы көлік­тердің тапшылығы. Мұның бәрі қар­жылық мәселелерге тірелетіні белгілі, «бар жақ­сымыз – балаларға» дейтін елде балалар жетіспеушілік көрмеуі керек. Баба өнерін меңгеріп, ұлттық ойынын ойнап, домбырамен ән салып, қымыз ішіп шаттанып жүр­ген жеткіншектердің небәрі он күнде этнолагерьдегі әсерлі күндерін келер жылға дейін кілт үзуіне тура келеді. Құзырлы орындар, еліміздің Білім министрлігі жұрттың ықыласына, оқушылардың қызы­ғушылығына ие болған этнолагерь бас­тамасын мемлекеттік деңгейде қолдап, жан-жақты дамытуға, таратуға күш салса дейміз. Ұлт байлығы мен ұрпақ тәрбиесі – тек бір саланың, ұстаздардың мойнында емес, әрбір отбасының, ата-ананың басты мін­деті болғандықтан, жақсы істің жалға­сын тапқанын көпшілік қалайтынын мен дидарласқан ата-аналар баса айтумен болды. 

 

Маңғыстау облысы