Қоғам • 27 Маусым, 2023

Сенатта «Парасат» байқауының лауреаттары марапатталды

175 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Сенатта журналистер арасындағы «Парасат» байқауының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара барысында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады, деп хабарлайды Egemen.kz Парламент Сенатының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенатта «Парасат» байқауының лауреаттары марапатталды

Өз сөзінде Палата Спикері қазір ақпарат заманы екенін, осындай кезеңде журналистер қауымы қоғамның ілгері жылжуында маңызды рөл атқаратынын айтты. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев бүгінде Сенат Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыс атқарып келе жатқанына назар аударды. Бұл ретте де Палата БАҚ-пен ашық әрі тығыз байланыс орнатуға үлкен көңіл бөліп келеді.

«Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала деп атап өтті. Шын мәнінде, журналистер қауымын билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы деп қабылдаймыз. Сондықтан іске асырылып жатқан барлық реформалардың нәтижелі болуында БАҚ өкілдерінің рөлі айрықша мәнге ие. Олар қоғамның мемлекетке деген сенімін қалыптастыру жолында да маңызды рөл атқарады. Сол арқылы елдегі тұрақтылық пен келісімнің сақталуына үлкен үлес қосуда. Осы орайда журналистердің парламенттік пулына жеке тоқталғым келіп отыр. Сенаттың жұмысын және қабылданған заңдардың мәні мен маңызын азаматтарға жедел әрі сапалы жеткізе отырып, сіздер демократиялы, Әділетті Қазақстан құру ісіне өз үлестеріңізді қосып келесіздер», деді Сенат Төрағасы.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата ретінде аймақтардың жан-жақты дамуына, тұрғыдардың өмір сүру сапасын арттыруға баса мән беретінін айтты. Осыған орай сенаторлардың аталған бағыттағы депутаттық сауалдарын, Комитеттердің жұмысын, қабылданған заңдарды халыққа жеткізіп, олардың мәнін түсіндіру ісінде БАҚ-тың маңызы зор.

Айта кетейік, «Парасат» байқауына биыл 100-ге жуық жұмыс келіп түсті. Авторлардың қатарында орталықпен бірге өңірлердегі телеарна, радио, газет, ақпарат порталдарының журналистері бар.

2023 жылғы «Парасат» байқауының жеңімпаздары: 

Үздік телевизиялық материал: Әзиза Исабай КТК» телеарнасы), Нысаналы Ығылов («Jibek joly» телеарнасы), Назерке Сұлтанқұлова («Хабар24» телеарнасы).

Үздік радиоматериал: Гүлнұр Доскеева («Шалқар» радиосы).

Мерзімді баспасөздегі үздік материал: Миргүл Жылқышынова Литер» газеті), Лэйла Тастанова («Время» газеті).

Интернет-басылымдағы үздік жарияланым: Назгүл Әбжекенова («Голос народа» ақпарат агенттігі), Оксана Даирова («Zakon.kz» ақпарат агенттігі).

Әлеуметтік желілердегі үздік жазба: Алмас Шораев қоғам қайраткері.

Жылдың арнайы сыйлығы «Үздік аналитикалық материал»: «Көкше»телеарнасының ұжымы, Ақмола облысы («Qazaqstan» корпорациясы); Әселім Әбілдинова –«ТДК-42» телеарнасы, Батыс Қазақстан облысыӘлия Алмұхамбетова – «Первый канал Евразия»телеарнасы; Қалмаханбет Мұқаметқали «Egemen Qazaqstan» газеті.