Қоғам • 27 Маусым, 2023

Ұлттық музейде «Қазақ журналистикасы: өткені мен бүгіні» атты көрме ашылды

292 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлттық музейде БАҚ қызметкелері күніне орай «Қазақ журналистикасы: өткені мен бүгіні» атты көрме ашылды. Көрменің ашылу салтанатына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мен ардагер журналистер қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлттық музейде «Қазақ журналистикасы: өткені мен бүгіні» атты көрме ашылды

Министр Дархан Қыдырәлі БАҚ қызметкерлерін кәсіби меркесімен құттықтап, сөз сөйледі.

«Баршаңызды кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Кешелі бері журналистердің көңіл күйі ерекше деп ойлаймын. Кеше мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің бір топ БАҚ қызметкерлеріне пәтер табысталды. Мемлекеттің бұл қолдауы әрі қарай жалғаса береді. Сондай-ақ бүгін Президент сыйлығы табысталды. Лайықты иелері алып жатыр деп ойлаймыз. Осы салаға жауапты министрлік ретінде де журналистерге тарту жасауды ойлаған едік. Солардың ішінде бірнеше жоспарымыз бар. Бүгін соның алғашқысы Мәдениет министрлігін және Ұлттық музейдің қолдауымен баспасөз музейін ашуды жөн көрдік. Шын мәнінде, өткенсіз болашақ жоқ. Жалпы тарих деген біздің тек өткен жолымыз емес ол –  жарқын болашағымыз. Біз тарихқа үңілу арқылы оған тағзым етеміз, одан тағлым аламыз және болашағымызды түземіз. Сол сияқты баспасөзіміздің өткені болашағымызға жөн сілтейді», деді Дархан Қыдырәлі.

Сондай-ақ министр ашылып жатқан көрменің  мақсатына тоқталып өтті.

«Телеарнада, радиода, газетте қолданылған заттардың барлығын  жастарымыз көрсін, журналистикаға тартылсын, аға буынның еңбегіне тағзым етсін, еңбегін бағаласын деген оймен осы музейді ашу ойы туған еді. Оның ішінде газеттің сарғайған беттері де бар, көне жәдігерлер бар. Сондықтан біздің сонау «Дала уәлаятынан», «Серкеден», «Қазақ» газетінен Алаш қайраткерлерінен басталатын баспасөзіміздің шежіресі осы музей арқылы көрініс табады деп ойлаймын», деді ол.

Сонымен қатар Президенттің марапаттарды табыстау сәтінде қазақ баспасөзіне жоғары баға бергенін, орталық Азияда жетекші мемлекетке айналып келе жатқанымызды, жалпы халықаралық деңгейде сұранысқа ие болып отырғанымызды атап өткенін айтты. Әрі бүгінгі БАҚ-тың дамуына қатысты пікір білдірді.

«Газет пен гаджет алмасқан заманда, жаңа технологиялар алмасып жатқан тұста, мына күрмеуі қиын күрделі кезеңде біздің де заманның талабына, уақыттың талғамына сай жұмыс істеуіміз керек. Өкінішке қарай, қазір жаңалықтар жедел тарап жатқанымен, жадымыз қысқарып бара жатыр. Ақпараттар легі өте тез айналады және екі күн бұрын не болғанын ұмытып қаламыз. Ең резонансты деген жаңалақтардың өзі лентада бір-екі күн тұрады. Мысалы, біз бұрын суретке түсетінбіз, сол суретті шығарып альбом жасап қоятынбыз. Қазір телефонмен кез-келген жерде суретке түсеміз, бірақ олар өшіріліп қалады. Кезінде қаншама дауыстар диктофонға жазылған. Сақтаулы тұр. Ал телефонға жазып алған дауыстар өшіп қалып жатады. Сондықтан телефон жұмысымызды жеделдетіп, жақсартып қолайлы жағдай туғызғанымен, бір жағы жадымыздың дс қысқаруына себеп болып отыр», деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Министр сөз соңында қуанышты жаңалықты бөлісті.

«Сүйінші бір жаңалығымызды айтқым келіп отыр. Біз қыс мезгілінде «Қазақ» газетінің дүниеге келген 2 ақпан күнін Қазақ баспасөзінің күні деп жариялау туралы бастама көтерген едік. Сол ұсыныс қабылданды. Журналистер күні аясында жариялануы керек. Бұдан былай 2 ақпан – Қазақ баспасөзінің күні болады. Біздің жүріп өткен жолымыз бізді болашаққа апаратын жол», деді Дархан Қыдырәлі.

Сондай-ақ іс-шараға Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов қатысып, тілек айтты.

«Сіздерді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Менің ойымша, адамға көңіл-күй сыйлайтын екі мамандақ бар. Оның бірі – журналистика, бірі – мәдениет. Өйткені адам баласы жақсы жаңалық естісе қуанады, және әдемі әуен тыңдаса, әдемі картина көрсе көңілі марқаяды. Сондықтан біз таңдаған мамандықтан адамзатқа пайдасы зор деп ойлаймын. Қазақ музыкасының ұлы тұлғасы Құрманғазының шығармаларын бүгінгі таңға, ұрпақтарға жеткізген жыршы-жыраулар болатын. Құрманғазының қасында Қашаған деген жырау жүріп, оның күйлерін ауызекі халыққа насихаттаған болатын. Біздің батырларымыздың батырлығын, ақындарымыздың ақындығын, күйшілеріміздің өнерін кеңінен насихаттап отырған. Сол секілді 21 ғасырда да қазақ мәдениетін болашаққа жеткізіп жатқан сіздердің табанды еңбектеріңіз. Сондықтан сіздерге мәдениет саласындағы адамдардың атынан алғыс білдереміз», деді вице-министр.

Іс-шара барысында ардагер журналистер сөз сөйлеп, мерекемен құттықтады.

«Ардақты әріптестер, қос мереке қатар келіп тұр екен. Біздің төл кәсіби мерекеміз, екіншісі жаңа ғана министр мырза айтқан жақсы жаңалық – Қазақ баспасөзінің күні. Қос мереке құтты болсын. Біздің кәсіптің қадір-қасиеті туралы айтайын дегенімде, туп-тура 47 жыл бұрынғы жағдай есіме түсіп тұр. 1976 жылы жас журналистердің бірінші семинары болды. Сол шарада Генрих Боровиктің әңгімесі есімде қалды. Генрих Аверьянович: «Сіздер өмірінде көптеген адамның ғұмырын кеше алатын мамандықты білесіздер ме?» деді. Адамдар білеміз, ол актер мамандығы деп жатты. «Дұрыс актер хан да болады, қараша да болады, басқа да болады. Екіншісі қандай деп еді, жұрт тосылып қалды. Сонда Боровиктің айтқан сөзі: «Екінші мамандық ол – сіздердің мамандықтарыңыз - журналист мамандығы. Өйткені журналист - өзінің ғұмырында көптеген адамның өмірін сүре алатын бақытты маман. Осы бақытты мамандық иелерін, әріптестерімді кәсіби мерекемен құттықтаймын», деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сауытбек Әбдірахманов.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асқаров та БАҚ өкілдерін құттықтады.

«Бұл мереке дау-дамаймен келген. Алғашында көпшілік 5 мамыр Маркстің туған күні қала берсін деген еді, екінші бір топ, Парламент депутаттары, журналистер күні 10 мамыр болсын деді. Неге деп едік ол күні «Түркістан уәлаяты» газеті шыққанын алға тартты. Енді ұсыныс «Қазақ» газетінің шыққан күні болды. Түрлі пікір болды. Ол кезде министр Алтынбек Сәрсенбаев болатын. Ол кісі үлкен Парламентте сөз сөйледі, ал мен оның бірінші орынбасары ретінде кіші комитеттерде сөз сөйледім. Сонда біздің түйініміз мынау болды: «Дұрыс, «Түркістан уәлаты» да жарайды, бірақ ол генерал губернатордың қазақтың даласындағы атмосфераны білу үшін жасаған газеті. Содан кейін «Қазақ» газеті шыққан күн де айтылды. Бірақ бұл қыс айы ғой. Журналистер көңілдерін жазып бір шырқасыншы, жаз айы болсын деген ой болды», деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асқаров.