Экология • 04 Шілде, 2023

ШЫҰ-ға мүше елдер экологиялық туризмді дамыту бағдарламасын қабылдайды

305 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында экологияға қатысты өзекті мәселелерді шешуге бағытталған іс-шаралар кешенін қабылдауды ұсынды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

ШЫҰ-ға мүше елдер экологиялық туризмді дамыту бағдарламасын қабылдайды

Президент экологиялық күн тәртібін ілгерілетпей, орнықты экономикалық өсімге қол жеткізу және қоғамның әл-ауқатын арттыру мүмкін емес екенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы кезде әлем бойынша су тасқыны, қуаңшылық, өрт, судың және топырақтың ластануы секілді түрлі табиғи катаклизмдер айтарлықтай көбейгені байқалып отыр. 

«Осы ретте Қазақстан қоршаған ортаны қорғау проблемасын шешу үшін күш біріктіруді көздейді. Біз мынадай міндеттерге баса назар аудару қажет деп санаймыз:

  • ШЫҰ мен БҰҰ-ның Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасы арасында серіктестік байланыс орнату;
  • Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді әзірлеу;
  • Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды және экологиялық туризмді дамыту жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасын қабылдау», деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев ортаға салынған ұсыныстардың барлығын бүгін қабылданатын Декларацияда бекітілген ШЫҰ-ның Экология жылы аясында ұйымдастыруды ұсынды.