Аймақтар • 05 Шілде, 2023

МАЭК: салғырттық салдары

297 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Маңғыстаудағы МАЭК (Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты) мәселесі – тұрғындар үшін біраздан бері бас ауруға айналып, айтыла-айтыла жауыр болған, Үкімет енді ғана назар аудара бастаған мәселе. Назар нысанның кетеуі әбден кетіп болған соң кеш аударылды ма, МАЭК-ті оңалту оңайға түспей тұр. «Шықпа, жаным, шықпа» деп МАЭК-тің тілеуін тілеп қыстан аман шықтық, алайда қыс қайта оралмайды емес. Бірақ МАЭК-ті жаңғырту, оңалту жағдайы мандымай тұр.

МАЭК: салғырттық салдары

Бұдан екі ай бұрын ақауға байла­нысты комбинаттағы екі энергоблок апатты түрде ажыратылған еді. Нақ­тырақ айтсақ, «МАЭК» ЖШС ЖЭС стан­сасында бас май сорғысының ақа­уынан №3 энергия блогы мен генератор­ды енгізу изоляторының бұзылуы салдарынан №2 энергия блогының жұмы­сы тоқтатылды. Салдарынан серіктес­тік стансаларының жиынтық генерация­сы 555 МВт-тан 264 МВт-қа төменде­ді. Осы оқиға кезінде серіктестіктің бас инженері С.Раков «Кәсіпорында 30 жыл жұмыс істеген тәжірибемде тек 2015 жылғы жоспарлы жұмыстар жүргізу кезінде болмаса, екі энергия блогы электр желісінен қатар ажыратылғаны есімде жоқ», деген еді. Осыдан-ақ МАЭК-тегі жағдайдың халықтан басқа мұнай өндіруші компаниялар үшін қаншалықты маңызды екенін және қазіргі ахуалдың ауырлығын аңғаруға болады.

Арада бірнеше ай өткенмен, құ­зырлы орындардан миллиардтап қар­жы бөлінгенмен, МАЭК ешкімді қуан­та алмай келеді. Премьер-министр Ә.Смайылов орталық мемлекеттік ор­гандар мен облыс басшыларының қатысуымен алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселесін қаузаған басқосуда Маңғыстау облысында жекелеген қазандықтар мен турбиналарда жүргізіліп жатқан жұмыстардың уақытынан кешігіп жатқанын, «МАЭК» ЖШС-ның №2 энергетикалық блогын жөндеуге келісімшарт жасалмағанын айтты.

Ал күні кеше батыс өңірлерде бол­ған апат мәселенің өзектілігін, МАЭК жағдайының мүшкілдігін ашық көрсетті. Маңғыстау атом энер­гетикалық комбинатының аума­ғын­да үш энергия құраушы станса – ЖЭС, ЖЭО-1, ЖЭО-2 бар. Олардың әрқайсысы энергия блоктарынан тұ­рады. ЖЭС энергия блоктарының бі­рінде жөндеу жұмыстары жүргізілуде, қал­ған екеуі жұмыс істейді. 3 шілдеде жылу электр стансасында жүктемесі 130 МВт болатын №1 энергоблок апат­ты жағдайда ажыратылды. Осы­ған орай бүгінгі таңда стансада тек бір энер­гия блогы жұмыс істейді. Кәсіп­орындағы энергия блогының ажыра­ты­луына байланысты Маңғыстау және Атырау облыстарындағы бір­қа­тар кен орнында, атап айтқанда «Қа­ра­жанбасмұнай» АҚ желісі бойынша 2 400-ден астам ұңғыма тоқтады. Сондай-ақ «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ желісі бойынша «Қаламқас» және «Жетібай» кен орындарында 1 131 ұңғыма, «Ембімұнайгаз» АҚ кен орын­дарында 1 809 ұңғыма тоқ­та­тыл­ды. «Өзенмұнайгаз» АҚ-да Өзен және «Қарамандыбас» кен орын­да­рында су айдау жүйесінің 30 сор­ғы­­­сы тоқтатылды. «ҚазТрансОйл» АҚ­ же­лісі бойынша Атырау және Маң­­­ғыстау облыстарындағы 11 мұ­най ­айдау стансасының жұмысы, «Ма­гистральный Водовод» ЖШС желісі бойынша үш су сорғы стансасында су айдау тоқтатылды. Жалпы, МАЭК ЖШС-ның апаттық жағдайы мұнай компанияларын ірі көлемде шы­ғын­ға батырды. Өткен тәулікте өндіру бойын­ша шығын шамамен 10 мың тоннаны құрады. Қазіргі уақытта облыс кәсіпорындары бойынша шектеулер шамамен 30% немесе 45 МВт.

– Сыртқы желілер тарапынан электр энергиясын берудің үзілуіне байланысты Атырау МӨЗ тоқтатылды. Сол себепті «KPI inc» ЖШС, «Қарабатан­да» газ-химия кешені апаттық жағдай­да тоқтатылды. Электрмен жабдық­тау өшірілгендіктен АМӨЗ барлық технологиялық қондырғысы қауіп­сіз тоқтатылды. Авариялық жағдай­дың алдын алу және персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін апатты жою алгоритміне сәйкес бар­лық қондырғылардан көмірсутекті газ ілес­пе газбен ауаға жіберілді, – дейді «Қаз­МұнайГаз» өкілдері. АМӨЗ резервуарларында бүгінгі таңда 26 мың тонна автобензин, 34 мың тонна дизель отыны, 1 500 тонна сұйытылған мұнай газы 6 мың тонна авиакеросин бар. Бұл көлемдер жеті күндік тұрақты жөнелтуге жеткілікті. ҚМГ өкілдерінің айтуынша, кейінгі жылдары ҚМГ кен орындарында электр энергиясын авариялық ажырату санының тұрақ­ты өскені байқалады. Мәселен 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында 153 ажырату тіркелді, ал мұнайдың жалпы тапшылығы 74 мың тоннаны құрады. Жоғалған пайда 8 млрд теңгені құрады.

– МАЭК-гі электр энергиясын өн­діретін үш стансаның біреуінде, яғни жылу энергия стансасының бірінші блогы апатты жағдайда тоқтатылды. Аздаған шектеулерден соң тұрғындар­ға қызмет көрсету жолға қойылған­мен, өндіріс орындарында 90 мб жуық электр энергиясына шектеу қойылды. Жағдайға орай комиссия құрылып, ақаудың себеп-салдарын анықтау­мен айналысады. Қазандық қалыпты жағдайда 230 градус температурада жұмыс істейді, кеше тоқтағаннан бері ол суытылуда қазір 100 градус шамасында тұр. Жоспар бойынша 6 шілдеде іске қосылады, – деді облыс әкімі Н.Ноғаев Үкімет отырысында.

Үкімет отырысында Премьер-министр Ә.Смайылов Маңғыстау облы­сының әкімдігі энергия комбинаты­ның қолданыстағы жабдықтарын іске қосу және жаңғырту жөнінде шара­лар қабылдау, Энергетика министр­лігі «KEGOC» компаниясымен бірлесіп Батыс энергия торабының тиісті жұ­мы­сын қамтамасыз ету, Энергетика ми­нистрлігі, Ішкі істер министрлігі, Бәсекелестікті қорғау агенттігімен бір­лесіп, алыпсатарлық және ЖЖМ жасанды тапшылығын құру фактілерін жою туралы тапсырма берді.

Маңғыстау облысында «МАЭК» ЖШС-де орын алған жағдайдың себе­бін анықтау жөніндегі облыстық комиссия құрылып, апат орнына барды. Жұмыс тобы орталық диспетчерлік пунктке барып, электр генерациялайтын орталықтың жұмысымен танысты.

№1 энергия блогы тоқтаған сәттен бастап қазандық салқындату үдері­сін­де тұр. №1 энергоблокты жөндеу жұмыстары 5 шілдеге жоспарлан­ған. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан ке­йін энергия блогы толық көлемде іс­ке қосылады деп жоспарланып отыр.

Облыс әкімі Н.Ноғаев Президент ­тапсырмасы бойынша Атырау МӨЗ ­және Маңғыстау атом энергетика­лық ком­бинатында болған оқиғаның се­беп­терін тергеу бойынша Мемлекет­тік комиссия құрылғанын айтты.

«Жағдай Үкіметтің бақылауында. Болашақта басқа апаттардың алдын алу үшін болған оқиғаның мән-жайын анықтау қажет. Мемлекет басшысы­ның қолдауымен МАЭК-ті жаңғырту бо­йынша көптеген жұмыс жүргізілу­де. Жалпы сомасы 28 млрд теңгеге бо­ла­тын қуаттылығы тәулігіне 24 000 мсу қондырғысын салуға 10 млрд теңге бөлінді. Биыл мекеменің тұрақты жұмысы үшін күрделі және биылғы жылғы жөндеу жұмыстарын жүргізуге МАЭК кәсіпорны өз қаражатынан 6 млрд 800 млн теңге бөлді. Бұл меке­менің облыс үшін маңыздылығын ес­кере отырып, облыстық бюджет резер­вінен 2 млрд 600 млн теңге бөлінді», деді облыс әкімі Н.Ноғаев.

Оқиғаға орай Энергетика министрі А.Сәтқалиев МАЭК-тегі апаттың се­бептері мен кәсіпорынның қазіргі жағ­дайы туралы айта келіп: «Апат бол­ған МАЭК зауытындағы жағдайдың қиын екенін білдік. Бұл жағдайды жою үшін облыс әкімдігі 4,9 миллиард теңгеге жуық қаражат сұраған. Премьер-министрдің төрағалығы­мен өткен шұғыл жиында зауытқа 3,1 млрд теңгені бөлу туралы шешім қа­был­данды. Бұл апат кәсіпорынның ұзақ уақыт қаржыландырылмауының салдарынан болды. Қаржы жинақтал­ды. Тариф жеткіліксіздігінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Еңбекақының төмен деңгейіне байланысты кәсіби кадрлық әлеуетті қам­тамасыз етуде де белгілі бір проблемалар туындады», деп түсіндірді.

МАЭК-тің жағдайы мүшкіл. Тұр­ғындар тыныс-тіршілігімен тұтас өнді­ріс секторы кіндігінен байланған алып нысанға жылдар бойы салғырт қарау­дың салдары осындай апаттық жағдайға әкеліп соқтырды. Қыр астындағы қыс­қа дейін жөндеу жұмысы еңсеріле ме, жоқ жылдар бойы жамала түскен қиындықтардың шешімі де жылдарға жүк бола ма – белгісіз...

 

Маңғыстау облысы