Футбол • 14 Шілде, 2023

Тартыс Тбилисиде жалғасады

117 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жыл сайын Еурокубок ойындарына қатысып, мол тәжірибе жинап жүрген елорданың «Астанасы» УЕФА Чемпиондар лигасының биылғы маусымдағы жорығын бастады. Былтыр ел біріншілігінде үздік шығып, Чемпиондар лигасы дейтін абыройлы турнирдің іріктеу кезеңіне қатысу мүмкіндігіне ие болған Григорий Бабаян шәкірттері жаңа маусымдағы тұсаукесер кездесуін Грузияның «Динамо» командасымен өткізді. «Астана Арена» стадионындағы алғашқы ойында командалар тең түсіп, кездесу 1:1 есебімен аяқталды.

Тартыс Тбилисиде жалғасады

Биыл елордалық ұжымның Еуро­кубок бәсекелеріне үздіксіз қатысып келе жатқанына тура 10 жыл толды. Ең алғаш Еуродода ойындарын 2013-2014 жылғы Еуропа лигасының ірік­теу кезеңінен бастап, алғашқы ұмты­лысында-ақ сәтсіздікке ұшыраса да, «Астана» клубы кейіннен бір мәрте Чемпиондар лигасының, төрт рет Еуропа лигасының топтық кезеңінде бақ сынады. Осы уақыт аралығында елордаға ағылшынның «Манчестер Юнайтед», Испанияның «Атлетико Мадрид», Фран­цияның «Ренн», Украинаның «Дина­мо», «Киев», Португалияның «Спортинг» және Еуропаның тағы басқа да азулы  командалары келді. Осы командалармен өткен ойындардың көбінде «Астана» клубы қарсыластарынан басым түсіп, «Астана Аренаға» жиналған футбол жанкүйерлерін қуаныш пен шаттыққа бөлеген еді.

«Астананың» сол кездегі табыстарына өз үлесін қосып, бапкерлік құрамда болған Григорий Бабаян былтырдан бастап команда тізгінін қолына алып, елордалық ұжымды қайтадан биікке шығаруды мақсат етіп отыр.

Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртер болсақ, елордалық ұжым ке­йінгі он жылдың ішінде Еурокубок бә­се­келерінің тек бір маусымын тең нә­ти­жемен бастап, Еуропа лигасының топ­тық кезеңіне дейін шыққан екен. Енді, міне, араға жеті жыл салып, «Астана» тағы да халықаралық ойындардың ал­ғашқысында тең түсіп отыр. Мұны да бір жақсылыққа балаған дұрыс шығар.

27 мың жанкүйер тамашалаған «Ас­тана Аренадағы» матчтың айқын фа­во­­риті «Астана» болғаны даусыз еді. Өйт­кені грузиялық ұжым өз елі­нің даңқ­ты командасы болса да, халық­ара­лық ойындарда аса тәжірибесі жоқ. Сон­­дықтан матч басталмай тұрып-ақ фут­бол мамандары бұл кездесуде «Аста­на­ның» жеңіске жетуіне еш күмән кел­тір­мейтінін мәлімдеген болатын. Тіпті ел­ордалық клубтың аңыз ойыншысына ай­нал­ған сербиялық қақпашы Ненад Эрич те «Астана» жеңісіне сенімді бол­ған.

Бірақ 90 минут бойы тартысты өткен кездесуде командалардың күштері тең түсіп, тосын нәтиже тіркелді. Бірінші таймда елордалық команда ойын тізгінін өз қолына алып, қарсыластарына қара­ғанда басым болса, екінші таймда Гру­зия командасы шабуылда сәтті ойнады. Кез­десудің алғашқы минутында жер­лестеріміз «Динамо» қақпасына бір­неше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, тек 10-минутта ғана гол соғу бақыты бұйырды. «Астана» құрамын жуырда ғана толықтырған ұлттық құрама ойын­шысы Ян Вороговскийдің пасынан кейін Абат Айымбетов допты қақпаға дәл бағыттап, кездесудің есебін ашты – 1:0. Бірінші таймның соңына дейін «Астана» футболшылары есепті еселеу­ге тырысқанымен, қарсылас клубтың қорғаушылары шабуылшыларымызға мүмкіндік бермеді.

Екінші таймда да жерлестеріміз ойындағы басымдықты өз қолдарына алып, динамолықтарға қысым көрсе­туге тырысты. Бірақ жасанды алаң­ға бой үйреткен «Динамо» футбол­шы­­­лары екінші 45 минуттықта «Ас­тана» қақпасына жиі шабуылда­ды. Нә­­ти­жесінде, ойынның 57-минутын­да грузиялықтардың кезекті шабуыл­да­рының бірінде Габриэль Сигуа бос қақ­паны дәл көздеп, мергендігімен көзге түсті – 1:1. Ойынның қалған уақы­­тында «Астана» футболшылары таб­­лодағы көрсеткішті өзгерткісі кел­гені­мен, екінші голды соғуға шамалары жетпеді. Сөйтіп «Астана» мен «Ди­на­мо» арасындағы алғашқы ойын тең нә­ти­­жемен аяқталып, барлық мәселе Гру­зиядағы ойында шешілетін болды. Екі ұжым арасындағы қарымта матч 19 шілдеде Тбилисиде өтеді.