Спорт • 16 Шілде, 2023

Түркістанда Азия ойындарына баратын таеквондошылар анықталды

162 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Түркістан қаласындағы Олимпиада орталығында таеквондодан (WT) ересектер арасында Қазақстан Кубогы аяқталды, деп хабарлайды  Egemen.kz Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістанда Азия ойындарына баратын таеквондошылар анықталды

Биыл жаңа форматта өткен бәсекеде 10 салмақта (ерлер 5, әйелдер 5) чемпион анықталды. Әуелі 2 күн бойы әр салмақта чемпион анықталды. Сосын олар тағы бірнеше күн бойы өз салмағын ұстап тұрып, шешуші күні ширек финалистер арасынан топ жарған спортшымен суперфиналда айқасты. Осы жекпе-жекте басым түскені еліміздің намысын сары құрлық Олимпиадасында қорғауға мүмкіндік алды. Бұл жүйе арқылы осы спорт түрі шыққан Оңтүстік Кореяда бүгінге дейін өзінің Ұлттық құрамасын жасақтап келеді.

Жеңімпаздар:

Әйелдер:

49 кг Ботакөз Қапанова (Қызылорда)

53 кг Азиза Қаражанова (Жамбыл облысы)

57 кг Мария Севостьянова (Атырау)

67 кг Нұрай Құсайынова (Атырау облысы)

+67 кг Жансель Дениз (Алматы қаласы)

Ерлер:

58 кг Елдос Ысқақ (Жамбыл облысы)

63 кг Нұрбек Ғазез (Алматы қаласы)

68 кг Эльдар Бірімбай (Маңғыстау облысы)

80 кг Нұрлан Мырзабаев (Түркістан облысы)

+80 кг Смайыл Дүйсебай (Түркістан облысы)

«Кешелі бері бапкерім екеуміз суперфиналға дайындалдық. Елжан екеуміз бір қаланың спортшысымыз. Жоспар қарсыластың кім болатынан қарамай екі раундта бар күшімді салып, айқасу болды. Таразының басында Азия ойындарына берілетін жолдама тұрғандықтан ешкім аянып жатқан жоқ. Оның үстіне біздің салмаққа ауысқан басқа таеквондошылар бар. Енді халықараралық жарысқа мықтап дайындаламыз», деді Нұрбек Ғазез.

Сондай-ақ күзде Азия ойындарына қатысушы әр мемлекеттен бір төреші шақырылады. Биыл Қазақстан атынан құрлық додасына Халықаралық дәрежедегі төреші Дәурен Алғабаев бармақ.

«Жаңа форматта өткен биылғы Қазақстан Кубогы төрешілерге қиын, таңсық болды дей алмаймын. Бізге емес, спортшылар үшін бәрі жаңадан басталды. Осы форматтың мақсаты – таеквондошылардың көп салмақ қууының алдын алу. Мұның халықаралық жарыстар кезінде кері әсер ететінін жиі айтып жүрміз. Меніңше, осы тәжірибені ересектермен қоса жастар арасындағы жарыстарда қолдану керек», деп айтты биылғы Қазақстан Кубогының бас төрешісі Дәурен Алғабаев.

Биылғы бәсекеде жалпы есепте Алматы қаласының командасы топ жарса, Атырау облысы екінші, Жамбыл облысы үшінші орын алды.