Елорда • 18 Шілде, 2023

Елордада коммуналдық қызмет тарифі қаншалықты өзгереді?

177 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1 шілдеден бастап елордадағы кейбір коммуналдық қызметтердің тарифі өзгерді. Бұл туралы толығырақ онлайн брифингте Астана қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің басшысы Қанат Құлназаров пен қаланың отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Байсадықов айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада коммуналдық қызмет тарифі қаншалықты өзгереді?

Мемлекет басшысының «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты бойынша тарифтік саясатты жетілдіру және халықтың табысы мен әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында 2022 жылғы 30 желтоқсанда «Табиғи монополиялар туралы» Заңға өзгерістер енгізу туралы Заң қабылданды, онда бірқатар жаңалықтар белгіленді.

Жаңартылған құжатқа сәйкес табиғи монополиялар субъектілерінің тарифті оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін түзетуге уәкілетті органға өтінім беруінің негіздері толықтырылды.

Осыған байланысты қала тұрғындарына коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындар департаментке тарифтердің деңгейін қайта қарау бойынша өтінімдер берді. Оның негіздері келесідей:

1) коммуналдық желілерді және көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде пайдаланылатын іске қосылған активтердің тозуын азайту мақсатында қосымша инвестициялар;
2) ҚР Энергетика министрлігінің электр энергиясын өндіруге арналған тарифті көтеруі;
3) өңірдегі тиісті саладағы орташа айлық атаулы жалақыны орташа статистикалық деңгейге дейін ұлғайту;
4) табиғи монополиялар субъектісінің реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсыну кезінде пайдаланылатын мүліктің балансына жергілікті атқарушы органның қабылдауы.

Бүгінгі күні 2023 жылғы 1 тамыздан бастап енгізілетін жылу энергиясын жеткізу тарифін қоспағанда, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілген табиғи монополиялардың барлық базалық субъектілері бойынша тарифтерге түзетулер бекітілді.

Дегенмен түзетулерді ескергеннің өзінде Астанадағы коммуналдық қызметтерге тариф орташа республикалық тарифтен төмен болып қалады.

Салыстырмалы түрде алар болсақ, Алматыда жылу энергиясының тарифі (ҚҚС есептемегенде) 5 504,17 теңге/Гкал, Қарағандыда – 3 776 теңге/Гкал, ал Астанада – 2 765 теңге/Гкал.

Елордада судың текше метрінің құны (ҚҚС есептемегенде) 58,15 теңгеге, Қарағандыда – 120,72 теңгеге, Ақтөбе облысында – 93,55 теңгеге, СҚО-да – 81,51 теңге.

Осылайша, жаңа тарифтерді ескере отырып, сумен жабдықтау және кәріз үшін түбіртек бойынша екі бөлмелі пәтерге орташа чек (30 м3) шамамен 300 теңгеге 1 448 теңгеден 1 748 теңгеге дейін немесе 20%-ға, жылумен жабдықтау бойынша (1,25 Гкал) 650 теңгеге 3218 теңгеден 3871 теңгеге дейін, электрмен жабдықтау бойынша (94 кВтсағ) 335 теңге 1968 жылдан 2303 теңгеге дейін өсті.

Бір бөлмелі пәтер үшін сумен жабдықтау және кәріз үшін төлем (20 м3) шамамен 200 теңгеге өседі – 960 теңгеден 1 160 теңгеге дейін, жылумен жабдықтау үшін (0,7 Гкал) 360 теңгеге – 1776 теңгеден 2137 теңгеге дейін, электрмен жабдықтау (72 кВтсағ) 200 теңгеге қымбаттайды – 1220 теңгеден 1420 теңгеге дейін.