Көрме • 19 Шілде, 2023

Балғындардың көркем әлемі

188 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда балдырған суретшілерді баулитын орталықтар аз емес. Әлемге балалар көзімен үңілсеңіз, өнерден өрнек іздеген өрендердің өмірді қабылдауы да әртүрлі екенін байқар едіңіз.

Балғындардың көркем әлемі

Жуырда шығармашыл балаларды бір алаңда жинаған сурет көрмесі өтті. Жобаға жүз­­деген жеткіншектің жеке жұ­­мыстары қойылған. Көрме қаты­сушылары ішінде халық­аралық байқауларда топ жар­ған таланттар бар. Заңғар көк­ке қол созған асқар таулар, қыз­ғалдағы құлпырған жазира жоталар, айнадай тұнық айдын көлдер олардың арманына қанат бітірген.

Шаһардағы «Бірге жасай­мыз» жобасы мен «Сен сурет­шісің» шеберханасы кескін­деме мектебі ретінде 10 жыл бойы қалалық және аудан­дық көрмелерге бел­сенді қа­тысып келеді. Жас сурет­ші­лерге арнап Қазақстан мен Украи­наның белгілі бейнелеу өнер шеберлері шығармашылық са­бақтар, түрлі пленэрлер өт­кізуді дәстүрге айналдырған. Мектеп түлектері бүгінде тек Алматы қаласының ғана емес, сонымен қатар АҚШ, Ан­глия, Аустралия және бас­қа да елдердің көркемсурет кол­ледж­дері мен жоғары оқу орын­дарының студенттері.

Ең бастысы – аталған шы­ғар­машыл орта тек бала­лар­ды ғана емес, өнерге немқұрайды қарамайтын, өз дарындарын шыңдағысы келетін түрлі жас­тағы адамдарды біріктіре біл­ген. Себебі шығармашылық ұш­қынын әрбір адамның бо­йына­н табуға болады дейді жо­ба авторлары. Кенеп бе­тінде се­німді сырғыған қыл­қа­лам қимылынан түрлі жо­лақ­тар, бояулар мен бейнелер пай­да болып, соңында тамаша бір картинаның дүниеге келуін бақылау бір ғанибет. Балалар шығармашылығын қолдау, ата-аналар мен оқыту­шылардың өзара қарым-қаты­настарын дәріптеу мақсатында ашылған көрме шаһар тұр­ғындары мен қонақтарына жай­лы әсер сыйлады.

Бейнелеу өнерінің барлық түрін қамтыған туындылар жас шеберлердің ішкі әле­мін­дегі толқынысын паш етеді. Қаншама жазықсыз жан­дар жапа шеккен әскери қақтығыстар, әлемдегі геосая­си тұрақсыздық балалардың да көңіл алаңына айналған. Адамзатты бейбіт өмірге шақырған картиналарда балалар жыламаса, ата-аналар аман болса деген әппақ тілек жатыр. Бірлік пен ын­ты­мақ­ты ту еткен кенеп жа­ғын­ды­­ларынан тазалықтың иісі аң­қиды.